Алматыдағы Жастарды қолдауға арналған жол картасы бағдарламасына оқу орындарының ғана емес, базардағы жастар да қатыстырылмақ. Қалаға өзге аймақтардан жұмыс іздеп келген азаматтардың көбі базар жағалайды. Ауыр жұмыстарға жегіліп, нәпақа табатын жастардың көбі өздеріне арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың барын білмейді.
Алматыда елуге жуық базар болса, қара нарықтың ауыр жұмыстарына осындағы жігіттер жегіледі. Жыл сайын қалаға шамамен 20 мыңнан астам жастар көшіп келеді екен.
Базарды жағалаған қазақ жігіттерінің негізгі күн көрістерінің бірі ағаш тиеу, тасу және сату. Күн жылынғаннан қара күзге дейін құрылыс жұмыстары жақсы жүреді. Қостанай, Семей қалаларын және Ресейден жеткізілген ашат осындай базарлар арқылы жан-жаққа таратылып, сатылады. Ал кешке үйіне кемінде екі мың теңге тауып қайту үшін жігіттер кем дегенде бір камаз ағашты тиеулері керек. Ал бір текше метр ағашты тасудың құны 300 теңге ғана.
Қара базарды жағалаған жастар күндік нәпақамен күн көреді. Ертеңгі жарқын болашақ дегенді олар тек алып-сату деп қана есептейді. Мамандық иесі атану, жеңілдікпен несие алып, кәсіп ашу, баспанаға бастапқы қаржы жинау олар үшін орындалмас, ұзақ күтетін арман іспеттес.
«Жан-жақтан жастар көп келеді. Не үшін келеді? Жұмыстың жоқтығынан келеді. Осы жерден бір теңге болсада нәпақа тапсақ екен дейді. Жұмыс ітсейін десе ақшалары жоқ. Кәсіп ашайын десе қалталарында ақшалары жоқ. Қалай ашу керек оны? Сіздерде түрлі бағдаралмалар бар екен. Ақша бөлініп жатыр екен. Ол ақшаны қалай алады? Қай жерге бару керек?», - деді сатушы Медет БАЙТҰМАН.
Жастарды жұмыспен қамту өзекті мәселе. 14 пен 35 жас аралығында азаматтардың күрмеулі мәселелерін шешу мақсатында әкімдік «Жастарды қолдаудың Алматы 2020 Жол картасы» жобасын әзірлеп жатыр.
«Базар жастары бөлек бір саты болып табылады. Базар жастарының көтеретін мәселелері де бөлек. Олардың көкейінде жүрген сұрақтарда басқа. Кездесу барысында жол картада қарастырылған тетіктерді айтып бердік. Менің ойымша осы жол картасының жүзеге асуы осы базар жастарының қатысуымен де жақсы бір жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын», - деді Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс БЕСКЕМПІРОВ.
Жеті құрдас базарындағы жастар жарты сағатқа жиналғанмен, күндік жоспарларын жүзеге асыру үшін жылдам тарқасып кетті. Олардың инновациялық ой, рухани құндылықтарға қадам басып, кәсіпкерлікке құштарлықтарын күшейту үшін бұл кездесу аз болмақ. Сондықтан алдағы уақытта тегін мәдени орындарда тағы кездеспек.
Әмірболат Құсайынұлы, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» телеарнасы