Алматыда жаңа әрі бірегей медициналық орталық ашылды. Соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталған мекемеде-жоғары технологиялық ота жасауға болады. Клиника 200 жұмыс орнының ашылуына сеп болған. Кәсіпкерлердің айтуынша, онда алматылықтар ғана емес, өзге өңір тұрғындары да сапалы ем алады. Оның үстіне медициналық туризм - өткен жылы қала қазынасына 240 миллион теңге алып келген.
3 жылдық жобалау мен құрылыс жұмыстарынан кейін қала орталығында осындай 8 қабатты ғимарат бой көтерді. Аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын мекеме құрылысына қалталылар 7 миллиард теңге инвестиция құйған. Алматыда заманауи клиниканы ашу сапалы медициналық қызмет көрсетуге септігін тигізері сөзсіз. Оған қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де келіп ем алуына болады. Ал, қала әкімі Бауыржан Байбек денсаулық сақтау - экожүйені жақсартудан басталатынын айтты.
«Көпшілігі денсаулықты сақтау - емдеумен байланысты деп ойлайды. Бірақ, ол экожүйені жақсартудан басталады. Сондықтан тұрғындар үшін, жүргіншілер үшін жайлы қала тұжырымдамасын ұстанып келеміз. Саябақ, велосипед жолдарын салып, көлік нөпірін азайтуға бағытталған жұмыстар істелуде. Өздеріңіз білетіндей, атмосфераға бөлінетін улы газдың 80 пайызын көліктер, 11 пайызын Жылу электр станциялары шығарады. Біз оларды да көгілдір отынға ауыстырып жатырмыз. Азаматтардың көпшілігі ауырғаннан кейін барып ем іздейді. Сондықтан медицина саласын дамыту маңызды»,-деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
Мұнда ыңғайлы босандыру блогы мен педиатрия бөлімі бар. Қабылдауды кәсіби мамандар жүргізіп, тексеру жұмысын жасап, тіпті жоғары технологиялы ота жасай алады. Әрине мұның барлығы сапалы әрі жаңа медициналық құрылғылардың көмегімен жүзеге асады.
«Орталықта босандыру бөлімі, хирургия, гинекология мен балалар бөлімі бар. Диагностика орталығы МРТ, компьютерлік тамография, рентген, маммографтармен жабдықталған. Яғни, емделушінің денсаулығындағы кінәратты оңай табуға мүмкіндік бар»,-деді «КЕРУЕН- MEDIKUS» медициналық орталығының директоры, Айгүл ШАЛБАЕВА.
Талдамалар мен науқастар туралы мәліметтің барлығы цифрландырылып, бірыңғай базаға енгізілген. Дәрігерлер бұрынғыдай қағазбастылықтан басы да қатпайды. Ал, қабылдауға мекеменің сайты немесе мобильді қосымша арқылы тіркелуге болады. Онлайн режимде әлемнің үздік дәрігерлерінен шеберлік сабағын да алу қарастырылған.
Міне, осындай ақылды шешімдер арқылы Алматы еліміздегі ғана емес, орталық Азиядағы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының - Дені сау қала желісіне енуге септігін тигізді. Бұл қаламыздағы медициналық қызмет сапасының халықаралық талаптарға сай екенін білдіреді.
«Қазақстандағы медицинаның дамуы Еуропа мен Америкадан кем түспейтін ерекше модель. Мен орталықты түгел аралап шығып, осыған көзім жетті. Қабылдаудан бастап арнайы электронды карта жасалады. Осыдан-ақ орталықтың заманауи көрінісін көруге болады»,-деді Фрайбург қаласындағы университеттік клиниканың деканы, профессор (Германия), Хьюберт БЛЮМ.
Арнайы конференция арқылы алматылық дәрігерлер жетістіктерімен бөлісу үшін шетелдік әріптестерімен байланыс ұстауда. Ол алматылық "денсаулық сақтау хартиясының" 40 жылдық мерейтойына орайластырылған. Осында қабылданған құжат әлемдегі медицинаның өзіндік кіріспесі болып қалыптасты. Айта кетейік, алдағы үш жылда шаһарда 4 ірі медициналық мекеме бой көтеріп, медкластер құруға мұрындық болмақ.
Азамат Әуезхан, Алтыншаш Смагулова, Рашид Шукуралиев, «Алматы» телеарнасы