Спортшылардың жарысын көру үшін Алматыға мыңдаған турист келген

07.02.2017 16:23

Спортшылардың жеңісі мен жарқын жарысын көру үшін Алматыға мыңдаған турист келген. Қонақтарды, әсіресе, Медеу мен Шымбұлақ тәнті етеді екен. Алатау бөктеріндегі қаланың келбетіне тамсанған шет-елдіктер қазақтың салт-дәстүріне қанық болып та үлгеріпті.

Қаланың күйбең тіршілігін артта қалдырып, небәрі 10 минут ішінде биік таулы курортқа табан тіреу - шет елден келген азаматтарға таңсық дүние. Оған қоса, инфрақұрылым мен қызметтің сай болуы Шымбұлақты Франциядағы Куршавельге теңестіруге мүмкіндік береді дейді туристер.

Жаңадан бой көтерген Алматы және Халық арена кешендері де көптің көңілінен шықты. Ал, атлетикалық ауылдағы өмір - спортшылардың өзара араласуына ықпалдасқан.

Қысқы жарысқа келіп, көңілі толған әрбір екінші турист Алматыға жаз айларында қайта оралатынын айтты.