Қазақстан мен Өзбекстан арасында халықаралық автобус рейсі ашылды

13.04.2018 в 16:07

Қазақстан мен Өзбекстан арасында халықаралық автобус рейсі ашылды. Жаңа бағыт қос мемлекеттің Алматы мен Ташкент қалаларын тікелей жалғайды. Арадағы тұрақты рейс күніне 3 рет жолға шығады. 818 шақырым жолға шамамен 14 сағат, ал қыстың күндері 16 сағатта жетуге болады. Бұл уақыттың ішінде кедендік және шекарадағы тексерістер қоса есептелген. Осылайша, бауырлас елдер арасындағы барыс-келіс артып, туризмнің дамуына жаңа мүмкіндік ашылмақ.

Алғашқы рейс Алматыдан Ташкентке аттанды. Қазақстаннан шығатын сапасы жақсы, жайлы автобустардың әрқайсысына шамамен 58-ге дейін адам сияды.

«Сайран автовокзалынан шығып, Ташкенттің орталық автовокзалына дейін апарады. Шекарадан осы автобустың ішінен өтіп, сол автобуспен бірге шекараны өтіп, Ташкентке келеді. Оларда 4 автобус, тағы да 4 автобус резервте. Жалпы 8 автобус. Бұл тек Қазақстан жағындағы тасымалдаушылар. Өзбекстаннан тағайындалған 12 автобус бар», - деді «Сайран» халықаралық автобекетінің тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан ӘБІЛДАЕВ.