Алматыда еліміздің ең үздік инноваторлары бас қосты

Алматыда еліміздің ең үздік инноваторлары бас қосты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда еліміздің жəне достастық елдерінің ең үздік инноваторлары бас қосты. Барлығы Startup Kazakhstan халықаралық акселерациясының екінші іріктеу кезеңінен өткен. Қатысушылар 20 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдауға ие болды. Биылғы бағдарлама аясында бас-аяғы 175 жоба қаржыландырылмақ. Ең үздіктеріне берілетін сыйақы көлемі 5 есеге дейін өспек.

Алматы көшелерінде мұндай электронды тақтайшалар осыдан екі жыл бұрын орнатыла бастады. Медиаборд тұрғындарды қажетті жедел ақпаратпен қамтиды. Қазір қалада оның саны 50. Құрылғының бірнеше функциясы бар. Тұрғындар ол арқылы көшедегі көлік кептелісі, жол-көлік оқиғасы, төтенше жағдайлар, валюта бағамы жəне ауа райы туралы хабардар бола алады. Ақылды билбордты өзге мемлекеттер орнатуға ниетті.

«Алдағы уақытқа жоспарымыз көп. Мұндай ақылды тақтайша өзге мемлекетте жоқ. Қазір төл өнімге əлемнің озық мемлекеттері қызығушылық танытып отыр. Медиабордтарды осы жылы Дубай, Сингапур сынды қалаларда орнатпақпыз», - деді халықаралық маркетинг директоры Анар ЕРМҰҚАНОВА.

Электронды тақтайша жобасы инновациялық технологиялар паркі автономдық кластерлік қоры серіктестермен біріге отырып қолға алған бағдарламаның екінші іріктеу кезеңінен өткен. Оған қоса, 20 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай қолдауға ие болды. Мұндай сыйақы тағы ТМД-дан келген жəне отандық 39 өнертапқышқа табысталды. Айта кетерлігі, өткен айда да осынша жобаға сертификат берілген. Ал барлық сыннан сүрінбей суырылып шыққандарға 100 мың АҚШ доллары табыс етіледі. Сондай-ақ АҚШ-тағы Кремний алқабында екі апталық тəжірибеден өтуге мүмкіндік алады.

«Жобаларды əлемнің түкпір-түкпірнен келген сарапшылар іріктейді. Халықаралық бағдарламаға түрлі саладағы инновациялық жобалар қатысуда. Қаржылай көмек арқылы олар өз өнімін одан əрі жетілдіріп, қолданыс аясын кеңейтіп, халықаралық деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік алады», - деді  бизнесті дамыту бойынша директоры Даниил КОЗЛОВ.

Қатысушылар арасында нарықта бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан компаниялар да жетерлік.

Қазір бағдарлама аясында 80 жоба қаржыландырылған. Алдағы уақытта ол тағы 95-ке артады. Ал 2020 жылы оның қатары 500-ді құрайды деп күтілуде.


Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров