«Галактика сақшылары» фильмінің екінші бөлімі шықпақ

04.05.2017 16:11

Голливудтың тағы бір фильмі қазақ тілінде сөйледі. Ертеңнен бастап отандық прокатқа «Галактика сақшылары» фильмінің екінші бөлімі шықпақ. Туындының тұсаукесері дәл қазір Астана мен Алматы қалаларында қатар өткізіліп жатыр. Әріптесім Айдана Мейрамбайқызы тың туындыны көппен бірге тамашалауға кеткен еді. Қазір онымен байланысқа шығып, көрсетілімнің қалай өтіп жатқандығын сұрасақ.

- Айдана, фильмнің тұсау кесер рәсімі басталды ма

Иә, Әнуарбек. "Галактика сақшылары - 2" фильмінің тұсаукесер рәсімі осыдан жарты сағат бұрын басталған. Әуелі шығармашылық топ сахнаға шығып, дубляждау жұмысына атсалысқан азаматтарды көрерменге таныстырды. Кейін, дыбыстау кезіндегі қиындықтарды әңгімеге арқау етті. Фильмді тамашалауға келгендердің қарасы көп. Көрермендер арасында қала басшысы Бауыржан Байбекте бар.

«Біле жүріңіздер, "Галактика сақшылары" биыл қазақ тіліне тәржімаланып отырған екінші фильм. Ал, 2011 жылдан бастап голливудтық туындылардың 19 біздің тілге аударылыпты. "Галактика сақшыларын" қазақша сөйлетуге 35 актер қатысқан екен»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.       

"Галактика сақшыларының" екінші бөлімінде көрермен көзайымына айналған кейіпкерлердің барлығы да бар. Олар әртүрлі шытырманды оқиғаларға тап болады. Бірақ, қандай жағдай болмасын фильм қаһармандары қоғамға пайда тигізуге тырысады. Туындыда ерекше кейіпкерлер, әдемі өрілген әзілдер, ұтымды таңдалған музыка бар. Айта кетейік, қазақ тіліне аударылған "Галактика сақшыларын" ертеңнен бастап көрермендер еліміздің барша кинотеатрларынан тамашалай алады. Әнуарбек, бар айтарым осы»,- деді Актёр,¤Тимур ПИЯЗОВ.

Жедел ақпарат жеткізгеніңе рахмет! Енді, өзге мәліметтермен бөліссек.