|
27.08.2018 | 15:46
2656

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды

Футзалдан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды

Алматыда футзалдан студенттер арасында өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бір апта аралығында 17 мемлекеттен келген спортшылар бақ сынады. Аталмыш әлемдік жарыс тарихында 500-ге жуық спортшының жиналуы – рекордтық көрсеткіш болып отыр. Сондай-ақ байрақты бәсеке тарихында біздің жігіттер алғаш рет ақтық сынға жетті.  

Финалдық кездесуге келген жанкүйерлер өте көп. Көпсалалы «Almaty Arena» кешенінде көрерменнің барлығы жерлестерімізге қолдау көрсетуге жиналған. Футзалдан студенттер арасындағы әлем чемпионатының тарихында Қазақстан құрамасы алғаш рет ақтық мәреге жетіп отыр.

Жарыс барысында жиналған көрермендерді сөзге тартып көргенімізде, бірі: «Ойын жалпы жақсы жүріп жатыр. Бірақ қарсыластың біздің командаға қарағанда мықты екені көрініп тұр. Дегенмен, біздің командамыз жеңеді деген үміттеміз!», – деп спортшыларға қолдау білдірсе, енді бірі: «Ойын өте қызықты. Қазақстан жеңуі керек. Алға, Қазақстан!», – деп Қазақстан құрамасының жеңәске жететіне нық сенім білдіріп жатты. 

Екінші таймда көрермендер біздің жігіттерімізге көп үміт артты. Қос құрама өте қызықты ойын көрсетіп, қауіпті сәттерге де тап болып жатты. Десе де, соғылған гол көп бола қоймады. Тек ойынның 38-ші минутында қазақстандық қақпашы Асылжан Әлім осы кездесудегі соңғы допты соқты. Осылайша, есеп 2:4 болып, Қазақстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

«Біз жеңіліп қалдық. Көрермен өте көп жиналды. Өте өкінішті! Барлығына үлкен сый жасап, алға шыққымыз келіп еді. Әттең болмай қалды», – деді футзалдан Қазақстан ерлер құрамасының ойыншысы Арнольд КНАУБ.

«Финалда ұтылған соң бәрібір өкініш сезімі болады екен. Барлық жанкүйерлерімізге мың алғыс айтамыз. Қолдауларыңыз керемет болды. Келесі чемпионатта жеңеміз деген үміттемін», – деді футзалдан Қазақстан ерлер құрамасының қақпашысы Асылжан ӘЛІМ.

Футзалдан студенттер арасында әлем чемпионатында Ресей төрт дүркін әлем чемпионы атанған. Енді кезекті алтын медаль алу арқылы әлемдегі ең титулды құрама – Бразилиямен теңесті. Ал қола жүлде Украина құрамасына бұйырды.

«Маған барлығы ұнады. Турнирдің деңгейі өте жоғары болды. Қолдау ерекше сезілді. Барлық матч өте қиын өтті. Төрттікке енген барлық команда чемпионаттағы мықтылардың мықтысы болды деп санаймын», – деді футзалдан Ресей құрамасының бас бапкері Сергей СКОРОВИЧ.

Қыздар арасында да Ресей құрамасы бірінші орыннан көрінсе, күміс медальді Украина бұрымдылары қанжығалады. Португалия арулары қола жүлдеге қол жеткізді.

«Қызықты спорттың куәгері болып отырмыз. Бүгінгі басты ойын болған финалда қазақтың құрама командасы финалға шығып, өте жоғары деңгейдегі ойынды көрсетті, бұл біздің тарихымызда болмаған. Ресей командасын алатын болсақ, ол 4 рет әлемдік чемпионатты жеңген. Сондықтан біздің құрама командамыз қазір үлкен дәрежеге көтеріліп отыр. Осындай ойындар бізге жиі керек-ақ. Сондықтан әлі де біраз биікті бағындырармыз», – деді Ұлттық студенттер лигасының президенті Дамир ШЫНЫБЕКОВ.

«Чемпионат алғаш рет жабық спорт кешенінде өткізілді. Бұл Универсиада ойындарынан қалған мұра. Қазақстан билігі, Алматы қаласының басшылығы спортты дамытуға үлкен көңіл бөледі. Мұндай дүбірлі дода студенттер, жастар арасында жиі болып тұрады және жалпы бұқаралық спортты дамытуға үлкен серпін береді деген сенімдемін», – деді Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег МАТЫЦИН.

Айта кетерлігі, әлем чемпионаты 19 және 26 тамыз аралығында Almaty Arena және Halyk Arena мұз сарайында өтті. Оған 17 елден 25 команда – 454 студент қатысып отыр. 16 жылдан бері өтіп келе жатқан бәсеке тарихында биылғы қатысушылардың саны рекордтық межеге жетті. Келесі әлем чемпионаты екі жылдан соң Полшаның Познань қаласында өтетін болады.


Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир