Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін қанша қазақстандық арнаулы әлеуметтік төлем алғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.
БЖЗҚ деректері бойынша, арнаулы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін міндетті шарттарды ескере отырып, оған 2024 жылы 37 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады, жалпы төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асады. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты болады.
"Жыл басынан бері 8 476 азаматқа зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға берілетін арнаулы әлеуметтік төлем (АӘТ) тағайындалды. Аталған төлемді тағайындауға барлығы 9 255 адам өтініш білдірген", - делінген хабарламада.
Екі көзден төленетін арнаулы әлеуметтік төлемге (республикалық бюджет және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) 2 840 адам жүгінген, оның ішінде 2 730 адамға тағайындалған.
Төрт қаржыландыру көзінен берілетін АӘТ (республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру ұйымы) тағайындауға 6 415 адам өтініш білдіріп, оның 5 746-сына тағайындалған.
Міндетті шарттарды орындамағандықтан, 342 өтініш берушіге АӘТ тағайындаудан бас тартылғаны айтылды.