|
27.06.2024 | 19:58
2221

RIVIERA Plus тұрғын үй кешенінде табиғи вибродинамикалық сынақ жүргізілді

«Bazis-A» компаниясының тұрғын үйлері бірнеше рет сынақтан өтіп, ғимараттардың беріктігін дәлелдеп отыр

RIVIERA Plus тұрғын үй кешенінде табиғи вибродинамикалық сынақ жүргізілді Almaty.tv

Алматыда 16 қабатты RIVIERA Plus тұрғын үй кешенінде табиғи вибродинамикалық сынақ жүргізілді. Сейсмикаға төзімді құрылыс саласындағы базалық ұйым отырысының практикалық бөлігі ретінде өткен сынаққа 30-дан астам отандық және халықаралық сарапшы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірі саналатын «Bazis-A» холдингі құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институтымен бірлесіп, тәжірибелік сынақ жүргізіп келе жатқанына 20 жыл. Мамандардың айтуынша, қолданылатын технологиялардың тиімділігін дәлелдейтін мұндай әдіс арқылы ғимараттың қаншалықты берік екенін анықтауға мүмкіндік туады.

– Ғимараттарды жобалауда, құрылыс жұмыстарында сапаға көңіл бөлеміз. Елімізде бар барлық норманы сақтаймыз. Бірінші кезекте сенімділікті дәлелдейтін сынақ жүргіземіз. Сонымен қатар бұл ғылымды жетілдіруге де үлесін қосады. Әлемдік тәжірибеде қолданыстағы нысандарға физикалық сынақ өткізуге болатыны қуантады, – деді «Bazis-A» компаниялар тобының негізін қалаушы Александр Белович.

Ғимаратты тексеру үшін жоғарғы қабатта 9 балдық жер сілкінісіне тең сейсмикалық тербелістерді имитациялайтын діріл аппараты орнатылған. Сондай-ақ сынақ кезінде ғимаратқа сезімталдығы жоғары 60-тан астам құрылғы орналастырылған. Олар діріл толқындарын, үдеу мен тербеліс кезеңдерін жазып отырады. Ал инновациялық технологиялардың арқасында мамандар бүкіл нысанның жағдайын бақылай алады. Қатысушылар ас үй, қонақ және балалар бөлмесі бар импровизацияланған пәтерде сілкініс күшінің қаншалықты сезілетініне куә болды.

– Бұл – әдеттегі сынақтар, үнемі жүргіземіз. Біздің институт –  посткеңестік кеңістіктегі және ТМД елдеріндегі толық ауқымды сынақ өткізетін жалғыз ұйым. Бүгінгі тексеріске әлемнің түкпір-түкпірінен сарапшылар шақыртылды. ТМД-ның 9 елінен және Канада, Қытай, Жапония, Германиядан келген мамандар бар, – деді «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаров.

Жасанды дүмпулер аяқталғаннан кейін мамандар залалды анықтау үшін нысанды тексеріп шықты. «Bazis-A» компаниясының тұрғын үйлері бірнеше рет сынақтан өтіп, ғимараттардың беріктігін дәлелдеп отыр. Оған қатысқан халықаралық сарапшылар да құрылысқа оң бағасын берді.

Жансая Олжабек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир