Футзалдан әлем чемпионаты: қазақстандықтардың алғашқы жеңісі

20.08.2018 22:01

Алматыда көптен күткен байрақты бәсеке – студенттер арасында футзалдан әлем чемпионаты басталды. Бұл сайыста әлемнің 17 елінен келген команда бақ сынамақ. Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің Білім және ғылым министрі, FISU халықаралық ұйымының вице-президенті және Алматы қаласының әкімі қатысты.

Қазақстанда спорттың бұл түрінен алғаш рет өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы ойыны Қазақстан мен Чехия командалары арасында өтіп, біздің спортшылар жеңіске жетті.

Биылғы әлем біріншілігіне 17 елден 25 команда, 454 студент қатысып отыр. 16 жылдан бері өтіп келе жатқан бәсеке тарихында биылғы қатысушылардың саны рекордтық межеге жетті дейді Ұлттық студенттер лигасының президенті.

«Биыл, міне, рекорд жасап отырмыз. 450-ден астам спортшы келіп, қатысып жатыр. Біздің студенттер құрама командасы осал емес. Әбден іріктеліп, тыңғылықты дайындалды. Енді жүлделі орындардан үміттіміз», – деді Ұлттық студенттер лигасының президенті Дамир ШЫНЫБЕКОВ.

Байрақты бәсекенің ресми ашылу салтанаты «Алматы-Арена» кешенінде өтті. Әр нөмірі қайталанбас қойылымымен ерекшеленген шоуға қазақ эстрадасының жұлдыздары қатысты. Шараның басында мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің құрметіне арналған әсерлі би қойылымы көрсетілді.

Чемпионатты салтанатты түрде ашық деп жариялаған Алматы әкімі Бауыржан Байбек спортшыларға сәттілік тіледі. Ал FISU ұйымының вице-президенті Мариан Дымальски Алматы спорт жарыстарын үнемі жоғары дейгейде ұйымдастыратынын айтып, осы турнирдің де тамаша өтетініне сенім білдірді.

«Студенттер арасында футзалдан әлем чемпионатының ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Әлемнің 17 елінен келіп спортшылар сайысатын бұл чемпионатты өткізу еліміздегі әрбір 3-ші студент білім алып жатқан Алматы шаһары үшін заңдылық деп білеміз. Қала халқының 40 пайызынан астамын жастар құрайды. Сондықтан да Алматы – жастар қаласы! FISU-дың белсенді мүшесі ретінде біз спортты дамыту, жастарды спортқа баулу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермекпіз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

«Мен осы футзалдан студенттер арасында өткен көптеген әлем чемпионатына бардым. Бірақ дәл бүгінгідей керемет әсер алған емеспін. Бүгінгі жарыстың ашылуы бұрын-соңды болмаған десем артық айтқандық емес. Алдағы турнирдің де жоғары деңгейде өтетініне сенемін», – деді FISU вице-президенті Мариан ДЫМАЛЬСКИ.


Чемпионаттың ашылу рәсімі аяқтала салысымен, Қазақстан мен Чехия  құрамаларының ойыны өтті. Ойын алғашқы минуттан-ақ тартысты басталды. Оның бір дәлелі ретінде екі команданың да қақпасына бір-бірден пенальти белгіленін айтуға болады. 12-ші минутта Ағеділ Мадияров алғашқы голды соқты. Артынша Дәурен Тұрсағұлов тағы да қарсылас команданың қақпасын дәл көздеп есепті еселей түсті. Ал чехиялықтардан Павел Дрозд 1 гол салып, бірінші тайм 2:1 есебімен аяқталды. Дегенмен, қазақстандық спортшыларға белсенді қолдау көрсеткен жанкүйерлер біздің саңлақтардың жеңіске жететініне сенімді болды.

Қазақстандық команда ойынын тамашалау үшін тек Алматы тұрғындары ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен де жанкүйерлер арнайы ат сабылтып келгенін айтып өткен жөна кету керек. «Осы жарысты тамашалау үшін Ақтөбе облысынан отбасыммен келіп тұрмын. Қазақстан спортшылары жақсы дайындалған», – дейді Қанат есімді мына бір азамат.  

Екінші таймда да қос команданың ойыншылары жан берісіп ойнады. Қонақтар да, қазақстандықтар да екі голдан салды. Осылайша, матч 4:3 есебімен біздің құрамамыздың пайдасына аяқталды.

Айта кетейік, әлем чемпионаты 26-тамызға дейін жалғасады. Онда барлығы 17 елден жиналған 16 ерлер және 9 әйелдер командасы сайысады.


Тоғжан Аман, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы