Сүйіктісінен зорлық көрген қыз оқиғаның қалай болғанын айтып берді

18.10.2017 05:11

Астанада сүйіктісінен зорлық көрген азаматша құзырлы органдардан әділдікті іздеуде. Саина Раисова осымен бірнеше ай бұрын өзіне қорлық көрсеткен қос азаматтың бостандықта жүргендігін айтып, редакциямызға шағымданды. Айтуынша, қылмыскерлер істеген әрекеттері үшін әлі күнге дейін жауапқа тартылмаған.Оқиға орнынан іздерін суытқан азаматтар бойжеткен кешірімін алып, арызданбасы үшін алғашқы кезде қомақты қаржы ұсынған. Бірақ, оған келіспегеннен кейін күні бүгінге дейін сес көрсетіп келеді екен.

Бірнеше ай бұрын орын алған сол күнді Саина Раисова қорқынышпен еске алады. «Өмірім қыл үстінде болды», - дейді. Бір жыл азаматтық некеде болған жігіті жамандыққа барады деп ойламапты.

«Менің сол кездегі жігітім жалдамалы үйге шақырды. Барғанда екеуімізден артық ешкім болмаған еді. Сәлден соң досы үйге кіріп, маған күштеп арақ іштірді, зорлады. Кейін барлық жаман істерін жасағаннан кейін, жазадан құтылу үшін мені өлтіруге бел буғандарын сөз арасында естіп қалдым. Жан сақтау үшін 3 қабаттан секіріп кеттім. Өзіме тек ауруханада келдім», - деді  Саина РАИСОВА.

Саина сыртқа секіріп, жанын құтқарып қалғанымен жамбасын ыдыратып, сол аяғын сылдыр басуға әкеліпті. Оның сөзінше, ол ауруханада екі апта жатып шыққан. Ол денсаулығын түзеймін дегенше, күдіктілер тергеуге шақыртылғанмен темір торға тоғытылмапты.

«Мен қалалық прокуратурадан көмек сұраймын. Өйткені, алғашқы тергеуші өз жұмысын дұрыс атқармағандықтан іс тоқтап тұр. Ол биологиялық зерттеу жүргізбей, олардың айыбын дәлелдейтін айғақтарға мән бермеген», - деді жәбірленуші.

Алайда, құзырлы органдағылар «істің әлі де жалғасып, күдіктілердің аты-жөні анықталып, іздестіру жұмыстары жүріп жатыр», - дейді.

"Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 120-шы "Зорлық" бабы бойынша қозғалған сотқа дейінгі тергеу ісі жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Қазақстан Республикасының Қылмыстық процессуалдық кодексінің 200-ші бабына байланысты толық ақпарат беруге мүмкіндік жоқ», - деді Астана қалалық ІІД ресми өкілі София ҚЫЛЫШБЕКОВА.

Жәбірленушінің айтуынша, жігіті қоқан-лоқы да көрсеткен. Саина күдіктілерден қорқатынын мойындады. «Бостандықта қалса, қылмысты жасыру үшін қастандыққа да баруы мүмкін», - дейді.

Нұржан Сәдірбай, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан