Биыл Алматыда 133 жеделсаты жаңартылмақ

30.05.2017 15:09

Биыл мәслихат үнемделген қаржыдан Алматыдағы тұрғын үйлерді модерницазиялауға 896 млн теңге бөлді. Бұл қаражатқа 64 үйдегі ескі 133 жеделсаты жаңартылады. Жұмыстар әзірге басталған жоқ. Дегенмен, ауыстырылатын орындар белгілі. Сондай-ақ 30 үйді кешенді жөндеуден өткізу де жоспарда бар. Тағы 33-нің шатырын жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындау қарастырылып отыр. Аталған жұмыстар «Өңірлерді дамыту -2020» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Алматыда ескірген лифттер әсіресе Бостандық пен Әуезов аудандарында орналасқан. Апатты жағдайдағы жеделсатыны жаңартпас бұрын, мамандар тұрғындардың келісімін алған.

«Лифт қондырғысы орнатылады. Монтаж және бұрынғын ескі қондырғыларды алып тастау, орнына жаңасын қондыру. Оны іске қосу, осы жұмыстар 860 млн-ды құрайды. Барлығын қосқанда. Біз тұрғындарға осындай бағдарлама бойынша ауыстырыңыздар деп айтамыз. Олар өте жақсы қарап, осы бағдарламаның тиімді екенін біліп, бізге тапсырыс беріп жатыр», - деді «Алматы тұрғын үй» ЖШС тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту бөлімінің басшысы Қуаныш СЕЙІТОВ.

Мамандардың айтуынша, қазір Алматыдағы жеделсатылардың тең жартысының пайдалану мерзімі 25 жылдан асып кеткен. Сондықтан уақыт күттірместен ауыстыруды қажет етеді. Мәселен, Розабакиев көшесіндегі 81-ші тұрғын үйдегі жеделсатының тұрғанына шамамен 30 жылдан асқан. Аталған бағдарламаға іліккен халық енді қауіпсіз әрі заманауи жеделсатыны пайдаланамыз деп отыр.  

«Мен 9-шы қабатта тұрамын. Жеделсатысыз үйге кіре алмайсын. Басқа тұрғындарға қарағанда, әсіресе жоғарғы қабатта тұратындарға керек. Оны жаңалағаны дұрыс. Бір жылдары көршілермен бірігіп, оның құралдарын ауыстырғанбыз. Бірақ сонда да қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтынмын. Өйткені, ол белгіленген пайдалану мерзімінен әлде қашан асып кетті», - деді қала тұрғыны Ләззат ЧУБАЕВА.


Теги: лифты