Биылғы жылдың 10 айында Алматыдағы Әуезов ауданына 40 млрд теңгеге жуық инвестиция құйылған. Бұл туралы аудан әкімі Алтай Рахымбетов мәлімдеді. Биыл мұнда өнеркәсіп мекемелері 72 млрд теңгенің өнімін өндіріпті. Ал 2016 жылдың сәйкес кезеңіндегі нақты көлем көрсеткіші 102,5 пайыз. Ірі және орта кәсіпорындар 35 мың 966 мың адамды жұмыспен қамтыған. Қазір Әуезов ауданы бойынша ұзындығы 7,6 шақырым жаңа арық жүйесінің құрылысы аяқталды. Бұл жұмыстар «Дубок» және «Алтын бесік» шағын аудандарында жүзеге асқан. Одан өзге халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де мұнда оңды шешілген.
«Достық», «Алтын бесік» және «Таугуль-3» ықшам аудандарында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және су тарту мәселесі бұрыннан көтеріліп келе жатыр. 2016 жылы жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, биыл бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. «Достық» және «Алтын бесіктегі» шаруалар толығымен аяқталды. Ал, «Таугүл-3» ықшам ауданындағы су тарту жұмыстары әлі де жүргізілуде. Оны келер жылы аяқтау жоспарланып отыр»,-деді Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі, Алтай РАХЫМБЕТОВ.
Биыл Әуезов ауданында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 10 жоба мақұлданған. Құны 264 млн теңгеге жуықтаған жобалар аясында 57 жұмыс орны құрылды. Ал, келер жылы мұнда әлемдік стандарттарға сай келетін неміс құрылыс заттарын саудалайтын орталық ашылмақ. Инвестиция көлемі 5 млрд теңге. Сауда орны 200 адамды жұмыс орнымен қамтитын болады.