Президенттің біраз пәрмені енді Үкіметке жүктелуі мүмкін

25.01.2017 14:26

Президенттің біраз пәрмені енді Үкіметке жүктелуі мүмкін. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді. Мемлекет басшысы билік өкілеттіктерін қайта құру үшін жасақталған жұмыс тобымен кездесуінде, тың жүйенің маңыздылығына тоқталды. Аталған шешім - республика дамуына оң ықпалын тигізеді деді. Осыған дейін, мемлекеттік бағдарламаларды қабылдау, мінбердегілердің қызметін ауыстыру сынды істермен Президент айналысып келген. Енді, бұл жұмыстар Үкімет пен Парламентке берілуі ықтимал. Одан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің мемлекеттік басқару жүйесіндегі ықпалын арттыру керек деді.    

«Алғашында біз Президентке жүктелген 45 міндетті айқындаған едік. Кейін, олардың саны 30-ға қысқарды. Енді пәрменнің бір сыпырасын Үкімет пен Парламентке беруіміз керек. Сондай-ақ, заң шығарушы органның қызметін арттырған дұрыс. Олар мемлекеттік басқару жүйесіне етене араласса екен деймін. Сөйтіп, ұсыныстарын Президентпен мақұлдайды»,- деді Қазақстан Республикасының президенті, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. ¤

Билік өкілеттіктерін қайта құру үшін құрылған жұмыс тобы қазірдің өзінде біраз ұсыныстарын дайындап үлгерген. Құрам жетекшісі Әділбек Жақсыбеков олардың негізгілерін Президентке баяндап берді. Алғашқысы - әлеуметтік-экономикалық түйткілдерді шешуге бағытталған. Жұмыс тобы бұл іспен енді министрліктер айналысса дейді. Екінші ұсыныс - сот жүйесіндегі өзгерістерге қатысты. Онда Конституциялық шешімді керек етпейтін біраз мәселе бар. Жұмыс тобы енді әкімшілік істерге прокурорлардың қатысуы міндет етілмейді дегенді айтты. Бұл іске Президент бас қатырмауы керек.                          

«Сіз берген тапсырма бойынша, жұмыс тобы бірнеше ұсыныс әзірледі. Оларды енді өзіңіздің қарауыңызға береміз. Жаңа өзгерістерді әзірлегенде біз Президенттің араласуы қажет емес біраз мәселелерді қамтыдық. Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін арттыру ісі қамтылған»,- деді ҚР президент әкімшілігінің жетекшісі, Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ.  

Еске салайық, былтыр 15-желтоқсанда Елбасы билік өкілеттіктерін қайта бөлу туралы ұсынысын айтқан еді. Көп ұзамай, арнайы жұмыс тобы құрылып, олар бірнеше отырыс өткізген.