Астанада Сирия мәселесі жайында келіссөз аяқталды

25.01.2017 14:30

Қарулы қақтығыс пен елдің есін шығарған Сирия мәселесіне нүкте қойылды. 23 қаңтарда Астанада  басталған келіссөздер аяқталған. Ресей, Иран және Түркия өкілдері дайындаған қорытынды құжаттың мәтінін Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов оқыды. Ол, сондай-ақ, Қазақстан сириялық реттеу жөніндегі халықаралық кездесуде достық ахуал қалыптастыру үшін барлық мүмкіншілікті жасағанын айтты. Министр оқыған қорытынды құжатта, "Оқ атуды толықтай тоқтатуды, арандатудың жоқтығын және барлық тиісті мәселелерді қадағалайтын үш жақты механизм жасау туралы шешім шығарылды. Біз Қазақстанда тыйым салынған ДАИШ-қа қарсы күресті жалғастыруға дайын екенімізді және оларды қарулы оппозицияның басқа бөлігінен бөліп қарауға дайынбыз. Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің 2254 резолюциясына сәйкес келіссөздерді шұғыл бастау керек деген пікірдеміз» делінген.

«Құжат қабылданатын болса, онда ол - үлкен жеңіс. Қазір декларацияға сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Маңызы бар құжат қабылданғанға дейін, уақытты босқа өткізбеуіміз керек. Мақсат - Сириядағы дүрбелеңді тоқтатып, тараптардың бір ымыраға келуі»,- деді БҰҰ бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы өкілі, Стаффан ДЕ МИСТУРА.

Астана процесі Сирия үкіметі мен оппозициясының арасындағы тікелей диалог үшін тиімді алаң. Енді, Үкімет пен оппозиция арасындағы бұл келіссөздер 2017 жылдың 8 ақпанында Женевада өтпек.  Ресей, Иран және Түркия өкілдерінің қорытынды мәлімдемесінде: Астана платформасында Біріккен Ұлттар ұйымының аясында сириялық саяси процесті толық қамту, жаһандық процестерге үлес қосу үшін белсенді әрекеттестікте болу туралы шешім шығардық делінген.

«Біз осыған дейін жасаған жұмыстарымызды жоққа шығара алмаймыз. Сол себепті, барлығын басынан бастағымыз келмейді. Осыған дейін Сирияда өз ұстанымдарымызды білдіріп келдік. Меніңше, бұл келіссөз Женевадағы жиынға ұласады»,- деді Сирия оппозициясының кеңесшісі, Яхья АЛЬ-АРИДИ.

Ал, Сирия өкілдері, Ресей, Түркия талаптарымен өткен Астана процесін нәтижелі деп санайды. Дәл қазір, Сирияның оппозиция өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан брифинг әлі аяқталған жоқ. Бәрінің көздегені ортақ мүдде, ымыралы келісім. Ең бастысы Таяу шығыстың тыныштығы. Бірақ, бұл үшін қарсы тарап пікірлерді құп көрулері қажет.