Тұздыбастаулық тұрғындардың көшеге таласы тоқтар емес

04.09.2017 09:34


Тұздыбастаулық тұрғындардың  көшеге таласы тоқтар емес. Ені екі метрге дейін қысқарып қалған жолды әкімдік әлі күнге дейін шеше алмай келеді. Тұрғындардың айтуынша, әкімдіктегілер жер телімі ретінде көшенің бір бөлігін сатып жіберген. Қоғаммен қанынастыратын қара жолға үйлер салынып, кіріп-шығар аумақ тарылған соң ел жергілікті биліктің табалдырғын үш жылдан бері тоздырып келеді.

Жолдың бойына қазір төрт үй тұрғызылған. Әрине, біз тұрғындардың арызымен ауылға да бардық. Аудан әкімдігінеде кіріп шықтық. Негізгі мәселе Тұздыбастау ауылын басқарған, кейін  жемқорлықпен ұсталып сотталып кеткен әкімнің жасаған әрекеттерінде болып тұр. Қазіргі шенділер істің бәрін сол бұрынғы әкімге жауып құтылғылары келеді. Бірақ жерді бөлудің құжатына бұрынғы әкім ғана емес, ауданның бас архитекторыда қол қойған. Бірақ шудың өрши түсуіне қарамастан бас сәулетші жұмысында әлі отыр.

Тұздыбастаулықтар дауласып жүрген Станбақ көшесінің ені әу баста 12 метр болуы тиіс болған. Қазір жолға құрылыс түсіп, көпшілікке арналған көшенің ені  2 метргеде жетпей қалған. Тұрғындар барлық дауға ауыл мен аудан әкімдігін айыптайды.

«Алдыңғы әкім бар, қазіргі архитектор бар. Бәрі болған көшені тұйықтап тастаған. Бір емес, жетіс-сегіз көше. Сол сегіз үйдің екеуіне сот статус алған көше болса да үйлер тұра берсін деп шешім шығарды. Статус алған көшені ешкім жаба алмайды», - деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Мақпал МАНЖУРОВА.

Үш жылдан бері дауы тарқамаған Станбақ көшесі негізгі тас жолға  жүз метр жетпей кіл үзіледі. Себебі ортадағы бірнеше жер телімдері сатылып кеткендіктен, қожайындар жолды жауып тастаған.  Кесірінен, көшенің келесі бетіндегі 130-дай үйдің үлкен жолмен байланысы ажыраған.

«Жол былайда жабық. Қоршауда отырмыз. Елдің бақшасымен жаяу жүріп жатырмыз. Әлі жөндеу жұмыстары бітпегендіктен терезесінің түбімен», - деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Күлпанай ӨТКЕМБАЕВА.

«Ген план бойынша тарлыған болатын. Кейін Шелекте істейтін адвокат,қалада істейтін адвокат келіп, тастаған жолдың 4 метрін алып бізге 1,5 метр ғана жол қалып тұр», - деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Өкен АХМЕТҰЛЫ.

Жаңадан құрылыс бастап, жолды жауып жатқандар соңғы екі жыл көлемінде жер құжаттарын жасатып алғандар болса, тұрғындар 2012 жылға дейін жер актісін шығартып, үйлерін салып алған. Бірақ сасқан үйректің кебін киген аудандағылар құжаттарың болсада әркім  екі метрге кейін шегініп, көшеге жер шығарыңдар деген. Тулақтай жерді қыруар ақшаға сатып  алған тұрғындар мемлекеттің пайдасы үшін емес, қара бастарының қамы үшін айтқан аудан басшыларының пәтуасына көнгілері жоқ.

Қазық қағып, жерді тағы анықтаймыз деп тұрған Талғар ауданы әкімінің орынбасары. Бұған дейін архитекторлар үш рет келіп жұрттың өзіне тиесілі жерін анықтап,  жөнге келтірмек болған. Бас жоспарды қайта-қайта өзгерте беретін басшылар бұл жолы бітімге келеміз деп отыр.

«Ол жерде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер болған. Бас жоспар 2016 жылы бекітілді. Сол кезде көше етіп көрсетілген. Учаскілер одан бұрын беріліп кеткен», - деді Талғар аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің бас маманы Қуаныш АСКЕЕВ.

300 түтіні бар елді-мекен тұрғындарының қалаға шығатын жалғыз жолын жөндеп бергенннің орнына жекеге таратып  жіберген  жылпостар  істің  бәрін жемқорлықпен  қамалып кеткен бұрынғы  әкімге жауып әлек. Егер жол соңғы шешім бойынша  қала беретін болса онда бұған дейін тарылған орталық су құбыры  да қайта қазылып, бүлінуі мүмкін.

Әйкерім Ердәулетқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы