Қазақстандағы елді-мекендерді таза ауыз сумен қамту үшін 3,5 трлн-нан астам қаржы керек

27.11.2017 в 22:08

Қазақстандағы елді-мекендерді таза ауыз сумен қамту үшін үш жарым триллионнан астам қаржы керек. Үкімет  жаңа жобаны іске асыру мақсатында Азия Даму Банкінен несие алмақшы. Бүгіндері 6 мыңға жуық ауыл аймақтарының 4 мыңы орталық су жүйесіне қосылмаған. Демек, 3 миллионға жуық қазақстандық таза ауыз сумен қамтамасыз етілмей келеді.

«Барлық талаптарды іске асыру толыққанды бақылау жасалғанда мүмкін болады. Әрі орталық және жергілікті атқарушы органдары халықпен, осы бағытта жұмыс атқарып жүрген үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста болуы керек», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Бүгінгі парламент тыңдалымында депутаттар су  тарифі туралы да сөз қозғады. Мәжіліс төрағасы барлық қазақстандықты сапалы сумен қамтамасыз ету ортақ жұмыс екенін баса айтты.

«Көрсетілген баға деңгейі халыққа тиімді болуы тиіс.Оның ішінде суды тазартуға әрі, таратуға кететін шығындар кіруі керек. Егер тарифті әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың қалтасы көтермейтін болса, онда оларға жәрдем беру қажет», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.