Дарынды студенттер Батырхан Шүкенов атындағы стипендияға қол жеткізе алады

11.09.2018 23:47

Батырхан Шүкенов атындағы стипендияны алуға өтінімдер қабылдана бастады. Жарты миллион теңгеге Ұлттық консерватория студенттері қол жеткізе алады. Грант – үрмелі және ұрмалы аспаптар кафедрасында білім алатындарға арналған. Қаржылай қолдауға мұқтаж студенттер жеке орындауындағы 5 минуттық бейнебаянды жіберуі тиіс. Сонымен қатар, арнайы хат жазып, ұсыныс жинауы шарт.  

«Бейне өтінім мен жазған хатында бұл гранттың не үшін керек екенін, оны алуға қаншалықты лайық екенін дәлелдеуі тиіс. Ұстаздарының, өзі қатысқан фестивальдерінен алған пікірлері де маңызды. Ал біздің міндет – сол адамның қабілеті мен болашаққа деген көзқарасын сезу. Жаңа есімді анықтап, оларды танытып, болашақта тұрақты түрде жұмыс жасауымыз да мүмкін», – деді Батырхан Шүкенов атындағы қоғамдық қордың директоры Наргиз ШҮКЕНОВА.

Айта кетейік, грантқа тек 5 адам ғана ие бола алады. Олардың есімін Батырхан Шүкенов қоры қазан айында жарияламақ. Ұйымдастырушылардың ойынша, осы тектес конкурстар музыканттарды Батырдың мұраларының маңыздылығына және үрлемелі аспаптарға деген қызығушылықтың артуына мүмкіндік береді дейді.