Тау суына тәуелді Талғар тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін кем дегенде, бір миллиард теңге қажет.
Тағайындалғанына көп уақыт өте қоймаған Талғар ауданының әкімі 8 шақырымдық құбыр мен бір ұңғыма қазу үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 18 миллион теңге сұрап отыр. Әкімнің айтуынша, онсыз да ауыз суға жарымай отырған аумақтағы құбырлардың көбі ескірген.
Талғар қаласы аумағында артезиан суының бастауы аз болғандықтан, жергілікті тұрғындар ағынды өзенмен сусындауға мәжбүр. Бірақ су тазарту орталығының құрылғылары көктемгі тасқында лайға лық толса, қыста мүлдем сусыз қалады. Себебі, таудан тартылған құбыр қатып қалады.
«Аудандағы су мәселесі бүгінгі таңда өте күрделі мәселе болып тұр. Бұрынғы су таратқыштардың бәрі 70-ші жылдары салынған. Ал ол уақыттан бері Талғар екі-үш есеге өсіп кетті. Біз республикалық бюджеттен бөлінсе деген 1 миллиард 18 миллионның сметалық құжатын дайындап қойдық», – деді Алматы облысы Талғар ауданының әкімі Рыскелді СӘТБАЕВ.
Жалпы, Талғар ауданында екі жүз мыңға жуық халық тұрады. Ауданды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бұған дейін де 1 миллиард 323 миллион теңге бөлініпті. Бірақ осыншама мол қаржы тек 8 ауылдың ғана мәселесін шешуге жетеді дейді атқамінерлер.