Тамақтан уланба: Алматыда «Қауіпсіз тағам таңда» акциясы басталды

Тамақтан уланба: Алматыда «Қауіпсіз тағам таңда» акциясы басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ерте піскен жеміс-жидектен сақ болыңыз. Санитар мамандар осылай деп ескертіп отыр. Жаз айларында ішек инфекциясы өршиді. Дәруменге бай жеміс-жидекті жеп, ауруханадан бірақ шыққандар туралы жылда естиміз. Осы маусымда Алматыда мұндай шағыммен санитарлық эпидемологиялық қызметке ешкім жүгінбепті. Әйтсе де, бұған қарап, арқаны кеңге салудың қажеті жоқ. Өйткені, жеміс-жидекті тұтынуда сақтық шараларын ұмытудың соңы нитраттармен улану, ішек инфекцияларына шалдығу сынды келеңсіздіктерге әкеп соқтырады. Уланудың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз тағам таңда» акциясы басталды. Аталмыш шара аясында тұрғындар сатып алынған өнім қауіпсіздігіне сауда нүктесінен шықпай, тестілеу өткізе алады.

- Перизат бау-бақша өнімдерін тексеру барасында адам өміріне қауіпті улы қоспалар анықталды ма?

- Иә Өмір, санитарлық дәрігерлер көкөністердің, жеміс-жидектердің құрамын тексерді. Мамандардың сөзінше, ешқайсысында нитрат көлемі нормадан аспаған. Мұндай нәтиже әрине қуантады.Қаладағы базарлардың бірінде санитар дәрігерлер арнайы нүктеде орналасып, сатып алған өнімдерін тексергісі келгендерді тегін қабылдады. Жылжымалы зертхана тобының мамандары алдына келген тұтынушыны ұзақ ұстамайды. Арнайы құрылғы арқылы азық-түлік пен көкөністегі химиялық заттың мөлшерін сол мезетте анықтап берді.

Өзіміздің отандық өнімдерді алып, соларды қолданып жатырмыз. Бәрі жақсы ешқандай айтатын шағым жоқ. Сол бәрі таза, бәрі жақсы.

Сарыағаш ауданынан алып келген деді. Жақсы шықты. Өзі дәмді қызанақ, қияр. Күнде аламыз бүгін тексеріп жатыр екен жақсы шықты. Жеміс-жидекте аламыз олар да дәмді. Ташкенттен келіп жатыр. Сарыағаштан келіп жатыр.

Тазалық індет мамандарының айтуынша, сауда сөрелерінде жеміс-жидек, көкөністер көбейген бетте тұтынушылардың тағамдардан улану фактілері де жиілей бастайды екен. Бәріне кінәлі - нитраттар мөлшерінің көптігі мен ішек бактериясының таяқшалары дейді мамандар.

«Бұл акцияның негізгі мақсаты тұтынушылардың өздерінің алған өнімдерін қауіпсіздікке тексеру болып табылады. Және де айта кететін жайт, «Тастақ» базарына негізінен келіп түсетін жеміс-жидектердің көпшілігі, ерте пісетін жеміс-жидектердің көпшілігі Алматы облысынан, Оңтүстік Қазақстан облысынан және де Өзбекстан мемлекеттерінен келеді. Лаборатория өкілдерінің тексеріс нәтижелері бойынша тұтынушылардың алған өнімдері нормаға стандартқа сай болып келеді»,-деді алматы қаласы Алмалы ауданы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Дәурен ШАМЕНОВ. 

Бүгінде кез-келген сауда орындарында арнайы зертханалар жұмыс істейді. Онда мамандар жеміс-жидектегі нитраттың көлемін тексеріп, саудаға шығаруға рұқсат беруі керек. Мәселен, құлпынайдың құрамындағы нитрат 100 миллиграмнан, шиеде 60 миллиграмнан аспауы тиіс. Егер бұл мөлшерден артық болған жағдайда, жеміс бірден сатылымнан алып тасталынады.

«Химиялық тыңайтқыштар да қымбат тұрады. Түрлі қоспаларды көбінесе қытайлық өндірушілер қолданады. Біздің базарда бұл елдің жеміс-жидегі жоқ. Таңнан бастап сөредегі барлық көкөніс, жеміс-жидекті тексеріп шығамыз. Себебі біз тұтынушылардың денсаулығына жауаптымыз. Азық-түлік таза болуы тиіс»,-деді  Алмалы ауданы ветеринарлық- санитарлық сараптама зертханасының меңгерушісі Роза ИМАШЕВА.

  Күн сайын қаладағы базарларға оңтүстік аймақтардан және көрші елдерден жүздеген тонна бау-бақша дақылдары жеткізіледі. Ол өнімдердің көтерме және бөлшек саудаға түспес бұрын жарамды екенін тексеру базар жанындағы арнайы зертханалардың құзырында. Махаббат Бердібекова саудамен айналысып жүргеніне 20 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында тығыз қарым-қатынас орнатқан өз тасымалдаушылары да бар.

«Жеміс бойынша айтатын болсақ, құлпынай Қаскелеңнен, Шелектен, Есіктен келеді. Дәмі керемет. Бізге қазір лабораториядан СЭС-тен келеді. Аптасына бір рет тексереді. Бәрі жақсы сапада таза. Мыналар Ташкенттен келген. Банан Эквадор, шабдалы бәрі Ташкенттен әкелінген»,-деді сатушы Махаббат БЕРДІБЕКОВА.

Бау-бақша өнімдерін көше бойында саудаланатын жабайы сауда орындарынан сатып алу аса қауіпті екенін ескертеді. Өйткені өнім жол бойында тұрғандықтан, көліктен шыққан лас түтінді ішіне сіңдіреді. Оған қоса, ондай орындарда санитарлық нормалар мүлдем сақталмайды дейді сарапшылар.

Академик Масимжан Велямов жүргізген тексеру нәтижесінде өзге мемлекеттерден әкелінген жеміс-жидектерден химиялық тыңайтқыш қоспаларының шамадан тыс екендігін анықтады. Сол себепті мейлінше отандық өнімдерді тұтынған абзал деп отыр. Шет елден тасымалданатын жидектердің бағасы арзанырақ деп, ағзаны дәруменмен байытамын деп жүріп, керісінше уланып қалуы мүмкін дейді.

«Енді олар алып келгенде алыс жолдан алып келеді. Піспей үзіп алады. Піспей үзіп келген заттың. Оның ішінде енді Өзбекстанға барғандар көріп жатыр көбінше жолдың бойында парниктар орналасқан. Әсіресе соның арқасында әр түрлі ауыр металлдар адамға қиянат келтіретін нитраттар. Әсіресе мына жерде агрохимия болмаса, нитраттар, нитриттар пайда болуға алып келеді. Міне осы содан кейін біз тексергеннен кейін көріп отырмыз ол мына әсіресе піспегендерін алғанда сол енді нитраттар норма пайыздан үлкен екені соның кішкене жоғары екенін көріп отырмыз»,-деді ҚР ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Масимжан ВЕЛЯМОВ.

Шала піскен жемісті жеу - адамның улануына немесе белгілі бір дертке тап болуына соқтырады. Сол себепті, жаз мезгілінің сүйікті жемістеріне құмар жандар қарбыз бен қауынның пісіп жетілетін кезеңін күту керек. Мамандардың пайымдауынша, қарбыз бен қауынның пісіп-жетілетін кезі шілденің аяғы мен тамыз айының басына дөп келеді.

«Бүгінгі таңда біздің Алматы қалалық ұттық сараптама бойынша мамыр айында 400 сынама өткізілген. Оның ішінде 4 сынама сәйкес келмеген. Ол мандарин дейміз. Құлпынай, шие және шабдалы. Бүкіл ол алынған нәтижелермен шаралар қолданып, қазіргі таңда қатаң санитарлық ұйғарымдар берілген»,-деді Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Анель МҰСАЕВА.

Қазіргі таңда Алматыда санитарлық дәрігерлердің сөзінше, уланған адам тіркелмеген. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ. Бау-бақша өнімдерін сатып аларда оның сапасына аса мән беріп, сақ болған жөн.


Новости партнеров