ҚР Энергетика министрлігі мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов теңге бағамының құбылуы жанар-жағармай бағасына қалай әсер етуі мүмкін екенін болжады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Әрине, бағам айырмасы жанар-жағармайдың соңғы бағасына әсерін тигізеді. Әсіресе, Ресейден импортталатын көлемге. Қазіргі таңда біз бензинмен толықтай қамтамасыз етілдік. Нарықтағы жағдай бензинге қарағанда дизельді отынға айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Білмеймін енді, көре жатармыз», — деді Құдайбергенов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Ол қазір елімізде отын тапшылығы жоқ екенін атап өтті.
«12 сәуірдегі мәлімет бойынша, АИ-92 маркалы бензиннің жиынтық қоры 330 мың тоннаны құрап отыр. Бұл нарық үшін жеткілікті қор. Дизельді отын бойынша жиынтық қор – 325,5 мың тонна. Жағдай тұрақты, өнімдерді сатуда шектеу байқалып отырған жоқ», — деді энергетика министрлігінің өкілі.
Оның айтуынша, биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 375 мың тонна дизельді отын бөлінген.