Елімізде кез келген валюталық операцияларға жасалатын бақылау екі есеге күшейеді. Әсіресе, шекара асатын қаржы қатаң қадағаланбақ. Бұл туралы бүгін Мәжіліс отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтты. Оның сөзінше, жаңа заң бойынша банктік құпиясы бар ақпараттарды Мемлекеттік кірістер комитетіне беру құқығы қарастырылып отыр. Бұл екі жүйе бойынша іске асады.
«Алғашқы бағыт ол - шетелге ағылатын валюталық операциялардың тізімін енгізу. Екінші, қаржының шетелге кетпеуіне бағытталған қарсылық шаралар. Бұл мемлекеттік кірістер органдарымен бірге іске асады. Неге ақпараттық қарым-қатынасқа көңіл бөлініп отыр дейсіз ғой? Себебі, тек заңдық нормалармен капиталдың сыртқа кетуін қадағалау мүмкін емес», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр АҚЫШЕВ.
Жиында Данияр Ақышев мәжіліс депутаты қойған сауалға нақты жауап қата алмады. Сол үшін бас банкир Мәжіліс төрағасының сынына ұшырады. Геннадий Шиповских автокөлік иелерін сақтандыруға қатысты сұрақ берген еді.
«Қазір Ұлттық банк сақтандыру ұйымдарына талапты күшейту туралы норманы ұсынып отырған кезде депутат «енгізу керек пе?» десе, сіз «жоқ» дейсіз. Міне, ол сондықтан сізге сұрақ қойып отыр. Сіз бүгін дайын емессіз бе? Бұл өзгерістер туралы ресми түрде мәлімдеп отырсыз ба? Әлде, Ұлттық банктің ұсынған өзгерістерін білмейсіз бе? Бәлкім, Геннадий Геннадиевич, тағы бір рет жазбаша түрде жауап беруге мүмкіндік береміз бе?», - деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Енді ақша айырбастау пункттерінде алтын құймалар сатылымға шығады. Шағын кесектерді Ұлттық банк өздері дайындайды. Сонымен қатар, Қазақстандағы шетелдік ұйымдар бұдан былай тек теңгемен есеп айырысатын болады. Бұл да заң жүзінде енгізілмек. Айта кетейік, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.