Алматыдағы индустриалды аймақта кәсіп ашқысы келетіндерге арнайы жер телімі берілуі мүмкін. Бұл - жеке ісін дөңгелетуге асыққандар үшін қолайлы болмақ. Осымен үшінші рет ұйымдастырылған кәсіпкерлер конференциясында, индустриалды аймақтың аумағында 2-3 гектар жерді шағын бизнес өкілдеріне бөлу арқылы бизнесті қолдау ойда бар. Мұндай ұсыныс кәсіпкерлер палатасы тарапынан айтылды. Бірақ, бұл тек өндіруші кәсіпкерлерге арналмақ. Жобаны іске асыру үшін шамамен 2 млрд теңге қажет.
«Біз шағын кәсіп иелеріне бухгалтерия, тауар қоймалары мен логистика жағынан қолдау болса дейміз. Осылайша, бизнес өкілдеріне нарыққа көлемді түрде тауарын ұсынуға мүмкіндік туады. Басты бағыт - жеңіл өнеркәсіпте. Олардың өндіріс көлемі артса, сұранысы көп тұрғындарға жақсы ұсыныс болады»,- деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары, Төлеміс ШОТАНОВ.
¤Кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері жекеменшік медициналық клиникаларға қатерлі ісікке ота жасауға тыйым салатын заңға өзгертулерді енгізу, сондай-ақ, экспорттауда кедендік рәсімдеу процедураларын азайтуға қатысты ұсыныстарын да айтты. Қала әкімі бизнестің қозғаушы күш екенін айтып, жергілікті билік қашан да қолдауға дайын екенін тағы бір мәрте жеткізді.
«Елбасы айтқандай: біздің негізгі мақсат дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз десек, онда бизнесті барынша қолдауымыз керек. Бюджет арқылы біз көп нәрселерді шешеміз, әрине. Бірақ, осындай дамуға қол жеткізу үшін кәсіпкерлердің қолдауы да қажет»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.
¤