Шелектегі ауруханада кәріз құдығына түскен үш жұмысшы уланып қайтыс болды

Шелектегі ауруханада кәріз құдығына түскен үш жұмысшы уланып қайтыс болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысының Шелек ауылында бір күнде 3 адам мерт болды. Барлығы кәріз құбырын тазалау кезінде нәжіс иісінен бөлінген газдан уланып көз жұмған. Қолқаңды қабатын қолаңса иіске жұмысшылар қалай тұншығып жүр.

Әдеттегідей жұмысқа кеткен тепсе темір үзетін 3 бірдей жігіт кешқұрым үйлеріне оралмады. Оның екеуі кәріз құбырын тазалап жүрген сантехниктер еді. Ал біреуі осы екі азаматты аман алып қалуға араша түскен 34 жастағы дәрігер-тарвматолог. Барлығының өкпелері газға толып азаптанып көз жұмды. Ақ халаттылар қанша арпалысқанымен уланғандарды аман алып қала алмаған. Бақилық болғандардың артында еңіреп елі, етегін жасқа толтырып жары мен жәутеңдеген перзенттері қалды.

Шелек ауылындағы орталық аудандық аурухана аумағында болған бұл төтенше жағдайдың себебін анықтау мақсатында қазір қылмыстық іс-қозғалған. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, апат 200 диаметрлік құбырдың тесілунен шыққан. Салдарынан метан газы жайылып кеткен. 

«Нақты тергеу әрекеттері жүргізілуде 156-шы бабына сәйкес.Бүкіл сараптамалар тағайындалып, осы сараптаманың нәтижесі бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады»,-деді Алматы облысы ІІД ресми өкілі Көбейхан НҰРАХМЕТ.  

Естеріңізге сала кетейік, кеше Шелектегі аурухана ауласында 4 адам кәріз құдығына түсіп, оның үшеуі улы газ салдарынан қайтыс болған еді. Біреуі әлі де ауруханада жатыр. 

Әйкерім Ердәулетқызы, Азамат Әуезхан, Алматы телеарнасы


Новости партнеров