Ақтөбеде үш оқушы су қоймасындағы сең үстінде қалып қойған

Ақтөбеде үш оқушы су қоймасындағы сең үстінде қалып қойған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақтөбеде мектеп оқушылары су қоймасындағы сең үстінде секіріп ойнап жүріп, ағып кетті. Құтқарушылар оларға дер кезінде көмек көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе су қоймасында үш бала мұздан мұзға секіріп ойнап жүріп, күтпеген жағдайға тап болды. Кеше сағат 9:30-да 2003, 2004 және 2010 жылы туған балалардың сең үстінде тұрғанын құтқарушылардың көзі шалған. Әдеттегі рейд жұмысы үш оқушының өмірін сақтап қалды.

«Үш оқушы су қоймасындағы мұздан мұзға секіріп ойнаған. Сеңнің арасы 20 см болған. Кенеттен жел күшейіп, олар 20 метрге дейін жағадан ұзап кеткен. Бәрі бір сеңнің үстінде болды. Су ағыны оларды бөгетке қарай алып кетпек болды. Сол кезде қайықпен бақылау жүргізген құтқарушылар көріп, балаларды аман алып қалды. Балалар сең үстінде тұрғанына көп болмаған. Бойлары мұздап, тоңып үлгермеген. Құтқарушылар ескерту беріп, үйлеріне жіберді», - деді Ақтөбе облыстық ТЖД жедел құтқару жасағы кезекші-диспетчерлік қызметінің жетекшісі Оксана Кичигина.

Айта кетейік, оқушылар - су қоймасы маңындағы Ясный елді мекенінің тұрғындары. Құтқарушылар балаларды ұстап, олардың ата-аналарын шақыруға құқығы жоқ. Сондықтан өздері айтқан деректер бойынша аты-жөндері мен туған жылдарын сұрап, ескерту беріп, үйлеріне жіберді. 



Новости партнеров