АҚШ-та 25 адамнан тұратын алаяқтар тобы әшкереленді, құрамында Қазақстанның үш азаматы болған, деп хабарлады Sputniknews порталы РИА Новостиге сілтеме жасап.
Нью-Йорктің Оңтүстік округы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, қылмыстық топ құрамында Ресейдің жеті азаматы, Грузияның бес азаматы, Әзербайжанның төрт азаматы, үш қазақстандық, екі латвиялық, екі украиндық болған. Сонымен бірге, айыпталғандар қатарында АҚШ пен Түркия азаматтары да бар.
Сейсенбі күні Нью-Йоркте осы іс бойынша 11 адам ұсталған, тағы біразы Флорида мен Мичиганда қолға түскен, тағы сегіз адам іздеуде жүр, оның алтауы – ресейлік азаматтар.
Оларға тағылған айыптар бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топ көлік сату туралы жалған хабарландырулар таратып, адамдардан кепіл ақша алып, ізін суытып отырған. Осы мақсатта бірнеше жалған фирма ашып қойған. Тұтынушылардың шығыны шамамен, 4,5 миллион АҚШ долларын құраған.
Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысына алаяқтық мақсатында өзара сыбайласу айыбы тағылған – ол үшін 30 жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін. Сонымен қатар, ақшаны жылыстату мақсатында сыбайласу айыбы бойынша 20 жылға сотталуы ықтимал.