|
30.07.2018 | 18:33
4447

Археология: Астана маңынан патша қорғаны табылды

Археология: Астана маңынан патша қорғаны табылды

Астана маңындағы Күйгенжар ауылынан археологтар патша қорғанын тапты. Сақ дәуіріне жататын бейіттер құнды жәдігерлерге, тарихи мәлімет берер бұйымдарға толы.

Қазба жұмыстарына етене кіріскен мамандар бейіттің бірінші қабатынан 7 қабір тапса, енді тағы бір қыртысын аршып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, онда біздің дәуірімізге дейінгі 1-ші ғасырда өмір сүрген әмірші жерленген.

Жас мамандар Күйгенжар ауылындағы бейіттерді екі апта бұрын зерттеуге кіріскен. Қазба жұмыстары барысында жердің бірінші қыртысынан жеті қабір табылған.  Алғашқысына шамамен 2,5 мың жыл толса, қалған алтауы хронология бойынша, бертін келе пайда болған. Бейіттің қойылуы сақ дәуіріндегі мұсылман салтына жатады. Тарихта оңтүстікті мекендеген тайпа орталық Қазақстаннан табылғаны және мұсылманша жерленгені өте қызық дейді археологтар.

«Қорғанның өзінің хронологиясы 2,5 мың жыл уақытты қамтиды. Яғни, бұл шамамен сақ кезең болып есептеледі. Осы қазба жұмыстары барысында анықталған бұйымдар арасында сырға, айна, және басқа да әшекей бұйымдар табылды», – дейді археолог Бақытжан БОЛАТБЕКҰЛЫ.

Күйгенжардағы алғашқы қорған 2005 жылы табылыпты. Жалпы, олардың саны үшеу. Археологтардың айтуынша, алғашқысында қарапайым жандар жерленсе, осы, екінші мазарда әлдебір патша немесе бай-манап тыныштық тапқан. Оның биіктігі 4 метр, диаметрі 60 сантиметр. Бейіт үсті таспен жабылған. Зерттеушілер бұл тастарды сол дәуірдің адамдары Нұра өзенінің жағасынан тасыған деген сенімде. 

«2018 жылы 4 археологиялық ескерткішке ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Соның ең алғашқысы – осы Күйгенжар қорғанында қазба жұмыстарын бастап жатырмыз. Құнды жәдігерлер табылған жағдайда, олар Астана қаласында орналасқан Ұлттық мұражайға өткізіледі», – деді Астана қаласы  Мәдениет және спорт басқармасының бөлім басшысы Асқар ҚАЛЫБАЕВ.

Археологтар қабірді дер кезінде зерттеуге бел будық дейді. Өйткені, ауыл жанындағы заманауи мұсылман мазары уақыт өте үлкейеді. Сәйкесінше, онда адам жерленгеннен кейін, жұмыс істеу мүмкін болмай қалады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Киелі Қазақстан» жобасы бойынша қолға алынған бастама жаңалыққа толы болмақ. Өйткені, бейіттің екінші қыртысынан тағы екі көне  қабір табылған.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир