|
22.08.2018 | 12:22
3192

Үкімет басшысы бидай таситын жабық вагондарды диқандарға жеткізуді тапсырды

Үкімет басшысы бидай таситын жабық вагондарды диқандарға жеткізуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев диқандардың бидай таситын жабық вагондарға деген сұраныстарын қанағаттандыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда Оңтүстік, Батыс және Шығыс өңірлері егін орағына кірісті. Солтүстік өңірлерде бірқатар жұмыстар басталып жатыр. Дегенмен, солтүстіктегі астықты өңірлерге жаңбыр кедергі келтіруі мүмкін. Жаңбырдың жауған деңгейін қазір әкімдер айтып отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының ылғалдылығы да жоғары болады деп күтілуде. Біздегі ауа-райының ерекшелігін ескеретін болсақ, онда егін жинау жұмыстарының аяқталуына аз қалды. Осыған байланысты облыс әкімдерін егін ору жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін қажетті ұйымдастыру жұмыстарын қабылдауды тапсырамын», – деді Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында.

Премьер-Министр биылғы астықты қабылдап, кептіретін элеваторлар мен көкөніс сақтау қоймаларының техникалық жарақтандырылуын ерекше бақылауға алуды да ұмыт қалдырмау керектігін атап өтті.

«Энергетика министрлігі егін ору науқаны барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен мұнай өнімдерін өткізуде басымдық алатынын тағы бір еске саламын. Егін ору жұмыстарының аяғына дейін облыстардың мұнай өңдеу зауыттарының бекітілген кестесіне сәйкес, дизель отынымен тұрақты түрде қамтамасыз етуді бақылауға алу қажет. ҚР ИДМ ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортының кеңеюін ескере отырып, диқандардың жабық вагондарға деген сұраныстарын қанағаттандыру үшін іс-шараларды қабылдауды тапсырамын. Асқар Ұзақбайұлы (Мәмин - авт.) вагондардың мәселесін сіз де бақылауға алыңыз. Ауыл шаруашылығы министрлігіне егін орағының тәуліктік мониторингін ұйымдастыруды тапсырамын», – деді Бақытжан Сағынтаев.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир