Жетісу аудандық кірістер департаментінің ғимараты 36 жылдан соң жаңартылды. Күрделі жөндеуден өткен департаменттің қызмет көрсету әдістері де өзгерген. Санатына қарай салық төлеушілерге жылдам, әрі сапалы қызмет көрсетіледі. Келушілер тегін интернет желісі қосылған 27 компьютерді пайдалана алады. Аудандағы пилоттық жоба сәтті іске асып жатса, алдағы уақытта еліміздегі барлық кіріс департаменттері осы үлгіге көшуі мүмкін.
18 миллион теңгеге жөндеу жүргізілген салық органы он мыңнан астам заңды, жиырма мыңға жуық жеке кәсіпкерден бөлек аудандағы 144 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Жарық, жаңа құралдармен жабдықталған мекеме бұрынғы ескі әдетінен арылған. Инспектор мен салық төлеушінің ортасын бөліп тұратын терезе жойылып, электронды кезекпен қызмет көрсетіледі.
Операциялық залда модератор қарсы алып, келушілерді жұмысына қарай бірден мамандарға бағыттайды. Орталық зал тұтынушылардың санатына байланысты жаңа тәсілмен сервистік аймақтарға бөлінген. Егде жастағы адамдар «Құрмет» тақтайшасы ілінген орындарға шәйін іше отырып, мамандарға салықтық есеп-қисабын жасата алады. «Стар» пакеті кәсібін жаңа бастаған адамға бағыт берсе, «Балапан» аймағы балалы ата-аналардың жұмысын бітіруге бағытталған.
«Салық төлеушілердің ыңғайлылығы үшін қызмет көрсететін саланы топтамаларға бөліп тастадық. Бізде екі өз-өзін қамтамасыз ететін терминалдар аштық. Сол терминалдардың ішінде кез келген салық төлеуші азанғы сағат 9-дан кешкі сағат 8-ге дейін келіп, өз нысандарын өткізе алады»,-деді Алматы қаласы Жетісу аудандық МКД басшысы Абай ӘЛІ.
Пакеттердің жалпы саны алты. Бұдан бөлек мүмкіндігі шектелу азаматтарға да арналған кабинеттер мен арнайы мамандар бар. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек заңнамадағы өзгерістер мен жаңалықтарды ыңғайлы, әрі уақтылы түсіндіру салық төлеушілердің санын арттыратынын атап өтті. Қазір кедергісіз қызмет көрсету қаланың төрт ауданында іске асырылып жатыр.
Жалпы қазір қалада салық түсімдерін жинауда оң үрдіс бар. Өткен жылы Департамент бір жарым трлн теңгеден астам салық жинаған. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 109% артық. Ал жетісулық кіріс басқармасы былтыр ортақ қазынаға 112 миллиард 700 миллион теңге кіргізсе, биылғы бес айда салықтан түскен түсім 52 миллиард теңгеден асқан.