Атырау қаласындағы мұнай өңдеу зауытында болған өрт, ел нарығындағы жанармай көлеміне әсер етпейді. Еліміздің энергетика вице-министрі осылай деді. Ведомство өкілі жанар-жағармай тапшылығының болмайтынын айтты. Бірақ кеше зауыттың ресми сайтында мұнай өңдеу екі есеге азаяады деген болатын. Хабарламада бір күндік мұнай өңдеу көлемі 14 мың тонна болса, енді ол 7 мың тоннаға дейін қысқарады деп көрсетілген еді.
«Жанармай тапшылығы жоқ. Жағдай тұрақталды. Қор көлемі ұлғайып келеді. Жағармай 13 күнге, ал дизель отыны 10 күнге артық жиналып отыр. Нарықтағы бас ойыншылардың бірі бензин бағасын 158 түсірді. Бұл өз кезегінде тапшылықтың жоғын білдіреді. Баға 160-тан 158-ге түсіп, сол көлемде тұрақталуы мүмкін», - деді ҚР энергетика вице-министрі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ.
Айта кетейік, жақын күндері Атырау қаласындағы мұнай өңдеу зауытында өрт шыққан болатын. Жергілікті төтеншеліктерге хабарлама таңғы ондар шамасында келіп түскен. Цех маңын қамтыған өртке 17 арнайы техника мен 66 жұмысшы тартылған. Әзірге, тілсіз жаудың неден тұтанғаны тексеріліп жатыр.