Алматыда жаңа зауыт бой көтереді

05.07.2017 14:55

Алматыда бұрын соңды болмаған жаңа зауыт бой көтереді. Жапондық трансұлттық корпорациясы инженерлік жүйелерді қорғайтын екінші жоғары технологиялы өндіріс орны Алатау ауданындағы Индустриалды аймақта ашпақ ниетте. Аталған аймақта құрылыс капсуласы жерге қағылды. Кәсіпорын қашан іске қосылады? Оның артықшылықтары қандай? Осы және өзге де сауалдарға жауапты әріптесім Нұрсұлтан Біләл іздеп көрді.

Жапониядан басқа өзге мемлекетте баламасы жоқ, бірегей кәсіпорын енді Алматыда да пайда болады. Индустриалды аймақтағы 4 гектар жерге орналасатын зауытты  іске қосу үшін  шетелдік компания жұмсайтын инвестиция көлемі 3 млрд 600 млн.теңге көрінеді. Қала басшысы Бауыржан Байбек  Алматының жоғары инвестициялы, инновациялық тартымды қалаға айналғанын, оған дәлел ретінде қала бойынша үстіміздегі жылы негізгі капитал инвестициясының 11%-ға, сыртқы инвестицияның 25%-ға артқанын айтты.

«Жапонияның мынау «Tokyo Rope Manufacturing» компаниясының 2-ші кезеңдегі зауыты салынатын болады. Жеке Жапонияның капиталы мына зауытқа құйылатын болады. Жыл сайын 2 млрд теңге салық төленетін болады. Бұл өте жоғарғы дәрежелі зауыт»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК.

Металдан жасалған аса төзімді темір торлар мен панелдер шығаратын «Tokyo Rope Almaty» атты алғашқы зауыт өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған еді. Аталған жапондық компания директорлар кеңесінің төрағасы Шигето Танаки елімізде инвесторларға қажетті жағдайдың барлығы жасалғанын айтып, оның ішінде Алматы бизнес үшін қолайлы қала екенің тілге тиек етті. Жалпы шет елдік компонияның 130 жылдық тарихы бар. Болат  арқандар шығару бойынша әлемде жетекші рөл атқарады.

«Мұнда жоғары сапалы металл тростар, таулы және карьерлі жұмыстар үшін болаттан жасалып, қорғасынмен қапталған торлар, буросвайлық анкералар және басқа да өнімдер шығарылады. Өнімдерде қазақстандық мазмұнның үлесі болғандықтан өзіндік құны да біршама  арзан. Өндіріс көлемі бойынша жылына 17 мың тонна өнім шығарылады.Зауытты  іске қосу 2018 жылға жоспарланған»,- деді "TOKYO ROPE MFG.CO.LTD" басқарма төрағасы, Шигето ТАНАКИ.

Сонымен зауыт бір жылдан кейін іске қосылады. Жаңа жұмыс орындары пайда болып, компания жылына 2 млрд теңге көлемінде салық төлейді. Айта кету керек жапондық кәсіпорын селге, дауылға, түрлі тас көшкіндеріне қарсы түратын нысандарды салуды жобалаумен, монтаждаумен де айналысады. Бүгінгі күні әлемдегі ірі  20 көпірдің 12-сі  жапондық металл арқандарын пайдаланып  салынған көрінеді.

Нұрсұлтан Біләл, Владислав Шишко, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Теги: завод