Алматының Наурызбай ауданына биыл 3 жыл толды

05.07.2017 в 15:16

Алматының сүт кенжесі Наурызбай ауданына биыл 3 жыл. Қала аумағына сегізінші болып қосылған аймақ қысқа мерзімде адам танымастай өзгерді. Жол мәселесі шешіліп, газ және су жүйелері ретке келтірілді. Ал таудан аққан тасқын судан жергілікті тұрғындарды қорғау үшін Қарғалы өзені нығайтылды. Сондай-ақ ірі құрылыс жүргізіліп, аудандық әкімдік, прокуратура, сот және ішкі істер ғимараты бой көтерді.

7 мың гектар аумақты алып жатқан Наурызбай ауданы Алматыға қосылғалы қарқынды жұмыстар атқарылды. 3 жыл ішінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына 40 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл қаржыға 72,4 шақырымды құрайтын 108 көшеге асфальт төселді. Аудан халқын толығымен ауыз сумен қамту үшін су тазалау станциясы мен су құбырларын тарту туралы үлкен жоба жасалды. Емхана, мектеп, балабақша тапшылығын жою мақстанда да атқарылған жұмыстар шаш етектен. Соңғы жылда ауданда 30-дан астам жаңа бөбекжай ашылыпты. Аудан алғаш құрылғанда мектепке дейінгі мекеме саны 11 болса, қазір 40-тан асады.

«Былтыр салық түсімі бойынша ауданымызда 5 млрд болатын. Аудан құрылған кезде көрсеткіш өте төмен болды. Әрбір инфрақұрылым дамыған кезде, жол салу және жөндеу жұмыстары болып жатқан жағдайда, міндетті түрде бизнес дамып, салық түсімі көбейеді», - деді Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

3 жасқа толған ауданның туған күнін тұрғындар көтеріңкі көңіл күймен атап өтті. Арнайы дайындалған балкүлшені шараның ең кішкентай қонақтарына тарту етті. Бұдан бөлек, концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, спорттық ойындар да өткізілді. Наурызбай ауданының әрбір ықшамаудан тұрғындары белсенділік танытып, арнайы шатыр тікті. Онда қол өнер туындылары мен түрлі тағамдардан көрме өткізді.

Наурызбай ауданында ірі құрылыс жүргізіліп жатыр. Ауданның 153 гектар аумағында бой көтерген әкімшілік орталығы,  прокуратура, сот және ішкі істер ғимаратының құрылысы аяқталды. Аудан тұрығындары үшін маңызды ғимараттар келер апта өз есігін айқара ашып, халыққа қызмет көрсете бастайды.

Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы