Цифрландыру: Алматыда ЖШКК ауруханасына енді тіркеу қағазы керек емес

15.06.2018 16:46

Алматыдағы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы алғашқылардың бірі болып ішкі және сыртқы интеграция әдісін енгізді. Енді қабылдау бөліміне түскен науқаста жеке куәлігі болса болғаны. Сол арқылы дәрігердің компьютерінде науқастың сараптамалары, ауру тарихы шығып тұрады. Цифрландырудың алғашқы кезеңі аурухананың қабылдау бөлімінде енгізілген. Сараптамалар мен талдамалар емделушіге берілген арнайы штрих код бойынша бір базаға жинақталады. Науқас палатаға жеткенше, емдеуші дәрігер ол туралы хабардар болып отырады.

«Бөлімнің жұмысы айтарлықтай жеңілдеді. Өйткені науқас келген сәтте, тіркеу орнында тіркелген сәттен бастап, ол науқастың барлық мағлұматтары біздің базадан көрініп тұрады. Қайда тіркелгендігі, бұған дейін қандай ем алғандығы, оның мекен-жайы барлығы базада көрініп тұрады. Сол арқылы біз бұрынғыдай тіркеу журналына тіркеп уақытымызды кетірмейміз. Ол науқас туралы барлық мағлұматты ала аламыз. Оның ыңғайлылығы уақытты ұтамыз»,-деді Алматы қаласы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бөлім меңгерушісі Ермек ЖЕЛДІБАЕВ.

Жаңа жүйенің шарапатын науқастар да көріп отыр. Бұрынғыдай ұзын сонар кезек жоқ, дәрігерлер де қағазбастылықтан арылған. Оның орнын қазір гаджеттер алмастырып отыр.

«Енді осы больницаға түскен кезде, келе салдымдағы анализімді алып, рентгенге түсіріп. Енді уақытты көп алған жоқ. Шыны керек , тез өтті бәрі. Құдай қаласа, жақында шығайын деп отырмын»,-деді Ақмарал ТӘЖІБАЕВА.