Елімізде құрылыс саласы қағазсыз жүйеге көшуге дайындалып жатыр

06.03.2018 02:20

Елімізде құрылыс саласы қағазсыз жүйеге көшуге дайындалып жатыр. Бұдан былай салынатын ғимараттардың сызбалары толық электронды форматта дайындалады. Ол цифрландыру аясында жүзеге асырылады. Замануи жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. Мұндағы басты мақсат - қағазбастылықты жою.

Сәулетшілер мен құрылысшылардың сызбаларды қолмен дайындап, қағаздармен түрлі орындарды аралау өткен күндердің еншісінде қалмақ. Енді оның барлығы электронды форматқа ауыстырылады. Тіпті, бақылаушылар жұмысы автоматтандырылады. Яғни, құрылыс жүріп жатқан жерді тексерушілер барлығын планшет арқылы қадағалайтын болады. 

«Жобаны жасайтын архитекторлар сол үйлерді солай жасауы керек, қағазбен сызбай, компьютерда сызады. Бүкіл инфрақұрылымын ішіндегі соны осылай бұра ма, осылай бұра ма? Сол қателіктер де көрініп тұрады, оны жасау үшін цифрлық жасау керек. Бүкіл заңдарымызды, бүкіл СНиП-тарымызды компьютерге енгізуіміз керек. Ол көп жұмыс. Оны енгізбесең, қолдана алмайды», - деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.

Замануи технологияларды енгізу тұрғысында сингапурлық мамандарымен жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ Финляндия елінің тәжірибесі ескеріледі. Атап өтерлігі, электронды форматта жұмыс істеу өзге мемлекеттерде де енгізілген. Құрылыстағы ақпараттық модельдеу тәжірибесімен алмасу мақсатында Алматыда халықаралық конференция өтті. Оған Ресей, Беларусь және Литва елінің сала мамандары қатысты.

«Менің ұсынысым - ол құрылыс компаниясы немесе жобалау бюросы, болмаса холдингтер болсын өз жұмысына жаңашылдықты енгізуді қазірден бастаған жөн. Ақпараттық модельдеуге өту ережесі жасалғаны туралы айтылды. Оны өзара ішкі корпоративтік стандартты енгізуде қолдана алады. Егер үлкен компаниялар тұрғысында әңгіме қозғалса, құрылысты жобалау жүйесінде жұмыс істеу ережесін енгізіп, бірыңғай тәсіл жасауға болады», - деді «Сколково» ЖШҚ ақпараттық модельдеу бағыты бойынша жетекшісі Сергей ВОЛКОВ (Ресей).

Министрлік өкілдерінің айтуынша, сандық жүйеге көшу құрылыс жүргізу уақытын үнемдеуге, салынатын нысан сапасын жетілудіруге көмектеседі. Одан бөлек, қателік жіберуге жол бермейді. Оған қоса, жемқорлықты да болдырмауға ықпалдасады, дейді ведомство өкілдері.

«Цифрландыру қаржыны үнемдеуге септеседі. Егер бұған дейін белгілі бір көлемде бөлінген қаражатқа 5 мектеп салынса, енді сол қаржыға 7 мектеп тұрғызуға болады. Нысан сызбасы қатесіз орындалады. Сол арқылы тұрғызылатын ғимараттардың сапасы да жоғарылайды. Бақылау жүйесі де жетілдіріледі», - деді «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ бас маманы Владимир ТАЛАПОВ.

Құрылыстағы ақпараттық модельдеуді енгізуді Инвестициялар және даму министрлігінің тапсырысы бойынша, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты жүзеге асырады. Жаңашылдық толығымен 2020 жылы іске қосылады, дейді институт қызметкерлері. Естеріңізде болса, былтыр тұрғын үй саласыда цифрлы форматқа көшкен. Нәтижесінде, ПИК жетекшілері бармақ басты, көз қыстыға бара алмайды. Есесіне, азаматтардың тұрғын үйдің жыртығын жамауға жинаған ақшасы толықтай иегерілуіне сеп болады.  


Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы