Алматы мен Тбилиси арасындағы ынтымақтастық беки түспек

28.02.2018 16:16

Алматы мен Тбилиси арасындағы ынтымақтастық беки түспек. Грузияға жұмыс сапарымен барған Бауыржан Байбек Тбилиси мэрі Кахабер Каладземен кездесті. Тараптар сауда-экономика, туризм саласында байланысты нығайта түсу мәселесін талқылады. Екі жақты кездесу барысында қала басшысы Алматыда бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асқанын, оған қоса, грузиндік бизнесмендер үшін  логистика, туризм, «Smart city» жобасы салаларында үлкен инвестициялық әлеуеттің қалыптасып жатқанын атап өтті. Ал Грузия тарапы Алып шаһарда жүзеге асырылып жатқан көлікті тұрақтандыру және тұрмыстық қатқыл қалдықтарды утилизациялау жөніндегі жобаларға қызығушылық танытты.

«Біз Тбилисиде қоғамдық кеңістікті құру қағидаларымен таныстық, өйткені Алматыны дамытудың басты векторы «Қала көліктер емес, адамдар үшін» қағидаты. Өткен жылы қаланың тарихи орталығының үштен бірі жаңартылды, биыл да дәл осындай кеңістікті  қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Көлікті реформалау бағдарламасы жасалуда. Алматы экономикасының жаңа драйвері ретінде анықталған туристік саладағы заңнамалық шешімдер мен маркетингтік жоспарлар жасаудағы Грузияның тәжірибесі бізді қызықтырады», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Сапар барысында Бауыржан Байбек Грузия премьер-министрінің бірінші орынбасары, экономика және тұрақты даму министрі Дмитрий Кумсишвилимен де жүздесті. Бүгінгі таңда Грузия Бүкіләлемдік «Doing business» банкінің рейтінгісінде тоғызыншы орында. Туристтік бағыт та жақсы дамыған. Өткен жылы Грузияға 7,5 миллион турист келген. Атап өтерлігі, былтыр Алматы мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 14,5 пайызға артқан. Қалада сауда, қаржы, құрылыс, медицина және басқа  салаларда грузиндік капиталмен 51 кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл Алматы мен Тбилиси арасындағы келісімге қол қойғанына 25 жыл толды. Сондықтан осы жыл екі жақты байланыстың одан әрі нығайтудың жаңа кезеңі болатынына кәміл сенемін, дейді Бауыржан Байбек.

«Бүгінгі күні Қазақстан Грузияға көп саяхаттайтын алдыңғы 10 елдің қатарында. Грузиялықтар да қазақ еліне жиі ат басын бұрады. Біз ынтымақтастықты және экономиканың туристік кластерін дамыту тәжірибесін алмасуды нығайтуға ниеттіміз», - деді Грузия премьер-министрінің бірінші орынбасары, экономика және тұрақты даму министрі Дмитрий КУМСИШВИЛИ.