Түркітілдес елдер басшылары маңызды құжаттарға қол қойды

Түркітілдес елдер басшылары маңызды құжаттарға қол қойды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанға ресми сапармен барды. Елбасы Қырғыз елінің тәуелсіздік күнімен тура келген іс-сапар барысында президент Сооронбай Жээнебековпен кездесіп, мерекеге орай өз құттықтауын жеткізді. Ал Қырғызстан басшысы болса, Шолпан-Атаға арнайы келген Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ел арасындағы қатынасты жандандыруға салған еңбегі үшін ризашылығын білдірді.  

«Сіз Президент болып сайланғаннан бері біз жиі кездесіп, көптеген мәселелерді талқыладық. Екі жақты қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілуде. Сауда-саттық көлемі артып келеді. Бүгінде елдеріміз арасындағы барлық проблемалар, соның ішінде шекаралық мәселелер толық шешімін тапты», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қазақстан президенті Қырғызстанда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтамақтастық кеңесіне қатысты. Алтыншы саммитті ашып берген Нұрсұлтан Назарбаев жиын тақырыбы – жастар саясаты мен ұлттық ойындардың маңызды екеніне тоқталды. Елбасы Кеңес құрамындағы мемлекеттерге үндеу жасап, әлемдегі геосаяси, геоэкономикалық ахуалға ден қоюға, терроризм, діни экстремизм және есірткі тасымалына бірлесе қарсы тұруға шақырды.

«Аталған сын-тегеуріндер түркі дүниесіне де әсер етпей қоймайды. Сондықтан бұның барлығы бізден кешенді іс-шараларды қолға алуды талап етеді. Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастық пен күш-жігер өзара даму үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінің кейбір ұйымдарын қысқартуды ұсынды. Елбасы тек техникалық және хаттамалық сұрақтармен шектелетін ұйымның тиімділігін жақсарту керек деді. Бұдан басқа, Кеңеске кіретін Түркі елдерінің Парламентаралық ассамблеясы жайы да сөз болды. Саммит аясында үш жыл бұрын Астанада өткен соңғы басқосуда айтылған Түркітілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасына қол қойылды. Сонымен қатар, Түркі кеңесінің Бас хатшысы тағайындалды. Ал Мажарстанға бақылаушы мәртебесі берілсе, Өзбекстан кеңестің мүшелігіне өткен жоқ.  


Новости партнеров