Түркиялық «TRT» телерадиокомпаниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар іскерлік мақсатта Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде түркиялық өкіл корпорация басшылығының киностудия картиналарын түрік телеарнасында көрсетуге ниетті екенін білдірді.
«TRT» телерадиокорпорациясы – бірнеше радиостанциялар негізінде 1964 жылы құрылған. Қазіргі уақытта корпорацияға ондаған халықаралық және аймақтық теле-радио арналар кіреді және олар бірнеше тілде хабар таратады. Қазақстанда да корпорацияның бөлімшесі ашылған. Енді біздің корпорацияға тиесілі «TRT Avaz» телеарнасында аптасына бір рет түркітілдес елдердің киноларын көрсетуді жоспарлап отырмыз. Осы орайда, біз «Қазақфильмге» келіп отырмыз, өйткені бұл киностудия Қазақстандағы басты және түрлі жанрдағы сапалы кино өндіруші болып саналады. Біздің қазіргі мақсатымыз – сіздердің фильмдеріңізбен танысып, осы елдің тарихы мен мәдениетін көрсететін туындыларды таңдап алу», – деді кездесу барысында Абдулхамит Авшар.
Өз кезегінде «Қазақфильм» киностудиясының аудиовизуалды жобалар басшысы Олжабай Мұсабеков киностудия шығарған фильмдер каталогын беруге дайын екеніндігін жеткізді.
«2009 жылға дейін түсірілген фильмдер таспада сақталған. Дегенмен, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының көмегімен сандық жүйеге өткіздік. Ескі және жаңа фильмдерді сіздерге қажетті форматта беруге дайынбыз», – деді Олжабай Мұсабеков.