Алматыда рұқсатсыз салынған үйлер заңдастырылып жатыр. Науқан кезінде баспаналарының құжатын рәсімдеп үлгере алмай қалған тұрғындарға енді прокурорлар көмектесуде. Олар «Кедергісіз үй» атты жаңа бағдарлама әзірлеп, үйлерін заңдастыра алмай жүрген адамдарға қол ұшын созып жатыр. Заңсыз салынған үйлердің құжатын рәсімдеу үшін не істеу қажет?
Забира Әділбекова 2008 жылы «Дархан» ықшам ауданынан баспана тұрғызған. Алайда, заңдастыру науқанында құжатын рәсімдеп үлгермепті. Содан бері келіншек, талай есіктің табалдырығын аттағанмен шаруасын бітіре алмапты.
«Легализацияға өтпегенде бір овал кішкене госактіден шығып кетіпті. Сондықтан, өтпеді де қайтадан госактіні басынан бастап, бүкіл құжатты қайтадан басынан бастап жасап енді өткізіп тұрмын»,- деді Забира ӘДІЛБЕКОВА.
Забира енді жаңа бағдарлама аясында, баспанасын сот арқылы заңдастырмақ. Әйтпесе, ғимарат қолданысқа берілмейді, яғни отбасы мүшелері тіркеуге де тұра алмайды. Өйткені, өткен жылы «Сәулет-құрылыс қызметі туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Жаңа ережеге сай, үй иелері бірнеше міндетті рәсімдерден өтуі тиіс. Құшақ құжаттың қатарында, үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы, авторлық және техникалық қадағалау сарапшысымен жасалынған келісімшарт болуы тиіс. Әрі, тамды тұрғызатын мердігер компаниямен де келісім қажет. Бекен Есімбеков - мұндай күрделі ережелердің барлығынан кедергісіз өткендердің бірі. Ол осыдан екі жыл бұрын мына баспанасын өз күшімен тұрғызыпты. Алайда, заңдастырып үлгермеген тұрғынға, құзырлылар үйін сот арқылы 2 ай ішінде рәсімдеп берген.
«Техпаспорты жасалған болатын, оның жаңағы топосъемкасын келіп түсірді. Топосъемкадан кейін сейсмозаключениесін жасап берді. Барлығы жиналып болғаннан кейін судебный искті тостық. 1 ай ғой айналып келгенде. 1 айда құжат барлығы жиналған болса тез жасалынады. Ең бастысы, үйдің капитальный сейсмозаключениесімен дұрыс салынса болды. Енді заңдастырылмаған үйлерді заңдастырып жатыр дегенді естіп, барып құжаттарды жинап өткіздік. Оған қуанышым қойныма сыймай жатыр»,- деді БЕКЕН ЕСІМБЕКОВ.
Бекен сынды үйлерін заңсыз салған тұрғындар құжатты енді «Кедергісіз үй» бағдарламасында қолға алады. Тың жоба прокурорлардың бастамасымен жүзеге асуда. Ол үшін жылжымайтын мүлік иесі жергілікті әкімдікте құрылған арнайы қоғамдық ұйымға құжаттарын өткізуі тиіс. Маңызды қағаздардың қатарында - үйдің техникалық құжаты, нысанның жер сілкінісіне шыдамдылығы мен қызыл сызықта орналаспағандығы туралы анықтама болуы қажет.
Ұйым мүшелері құжаттарды қарастырған соң, оны шұғыл сотқа жолдайды. Ал, шешім көп күттірмей 1-2 айда шығады. Бұл бағдарлама аясында үйді заңдастыру рәсімі тегін, тек қожайыны үйдің нарықтық бағалауының 1 пайызынан мемлекеттік баж салығын төлеуі тиіс. Айта кетсек, жоба арқылы тек 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін салынған үйлер ғана заңдастырылады.
«Бұл жобаның жасалу себебі - егер үй заңсыз болса, әр адамға қиын болады. Біріншіден тіркеу орындарына, адамның санына тіркеу, үйлердің санын. Сонымен ол бұл үйге газды қосу керек, суды қосу керек. Ол заңсыз үйге ешкім қоса алмайды ғой. Бұл үйге налог төлену керек, бұл үйге коммунальный төлену керек. Соның барлығы заңды болу үшін, халыққа жеңіл болу үшін, мемлекетпен осындай жұмыс жасалуда»,- деді Алматы қаласы прокуратурасының ресми өкілі, Айдос САДЫБЕКОВ.
Қазір Алматыда 7 мыңға жуық үй рұқсатсыз тұрғызылған екен. Оның басым бөлігі, яғни 4000-нан астамы Алатау ауданында орналасқан. Кейінгі кезек Наурызбай ауданында. Айта кетсек, «Кедергісіз үй» жобасы аясында құзырлылар 25 баспананы рәсімдеп, 200-ін соттың қарауына жіберіп үлгеріпті.
Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы