Алматылық экологтар салақ тұрғындармен күресіп әлек

Алматылық экологтар салақ тұрғындармен күресіп әлек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық экологтар салақ тұрғындармен күресіп әлек. Тазалық сақшылары күн сайын рейд ұйымдастырып, табиғатқа зиян келтіргендерді тезге салғанмен тезірек түсінетіндер азаймай тұрған көрінеді. Жыл басынан бері қоршаған ортаға зиян тигізгендерге 88 миллион тенгеден астам айыппұл салыныпты.

Қапыда келген құзырлыға шүйліге кететін жауапты бұл. Өзіне қарасты аумақ қатқыл қалдыққа қақалып тұрса да, айыбын мойындаудан бас тартады. Экологтар көрсеткен қоқыстарды маған тиесілі емес дейді. 

Тазалыққа жауапты сақшылар «Айнабұлақ» пәтер иелер кооперативіне 68 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Дәл сондай соманы маңайдағы кәсіпорын иесі де арқалады. Ол да тазалыққа салғырт қараған екен. Ал, мына жерге өзінің керек емес құрылыс материалын тастаған тұрғын 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. 

«Біз жаңағы айыппұл салып, кепілдеме хат аламыз. Бір жеті уақыт береміз. Бір жетіден кейін біздің қаланың экологтары келіп, қайтадан тексереді. Егер қоқыстар жиналмаған кезде, екінші рет хаттама толтырылады»,- деді Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы, Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.¤

Табиғат жанашырлары қыс түскенше қаланың барлық ауданын осылай тексеріп, тазалап шығамыз дейді. Жыл басынан бері экологтар тазалыққа немкетті қараған 2 мыңға жуық жеке тұлғалар мен кәсіпорын иелеріне хаттама толтырыпты. Оларға салынған айыппұлдан қазынаға 88 миллион тенгеден астам қаржы түскен.

Өмір Әнуарбек, Әсет Құндақбаев, Алматы телеарнасы


Новости партнеров