Емделушінің амбулаторлық картасына өзге де ауру белгілерімен қоса, жүктілік «түсіп» кеткен, деп хабарлайды Алтайньюс.
Амбулаторлық орталықтың мамандары Өскемендік тұрғынның бүйрегі ауырып келгенін айтып отыр. Тиісінше, дәрігер тексеру жұмыстарын жүргізген. Талдау нәтижелері шыққан соң, маман диагноз қойып, қажетті дәрі-дәрмекті де жазып беріпті. Яғни, бұл жерде дәрігердің қателігі жоқ. Тек құжаттарды толтыру кезінде ағаттық кеткен көрінеді. Емделушінің амбулаторлық картасына өзге де ауру белгілерімен қоса, жүктілік «түсіп» кеткен.
«Тексеру нәтижелері компьютерде стандартты үлгіде тұрады. Сол жерден медициналық қызметкерлер керек ақпаратты алып қояды. Техникалық ақау болған жағдайда, мәтіндердің араласып немесе бұрынғы бір мәліметтердің сақталып қалуы мүмкін. Дәрігер компьютерде басылып шыққан тексеру нәтижесін қайта қарап, тексермеген. Бар қателік осы болып тұр. Әлбетте, ол азаматта ешқандай да жүктілік белгілері жоқ», – деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы.
Осыдан кейін емхана басшылығы емделушімен хабарласып, туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұраған көрінеді.
Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, бұрын-соңды мұндай техникалық қателіктерге жол берілмеген. Алайда бұл мәселе орталықтың жиналысында қаралып, ағаттық жіберген дәрігердің тәртіптік сөгіс алғанын айтты басқарма өкілдері.
Айта кетсек, бір күн бұрын мамандар нефролог-дәрігердің тұжырымдамасына емделушінің іші жүктілік мерзіміне сәйкес ұлғайып кеткенін жазған. Туыстарының айтуынша, ер азамат іші ауырған соң ауруханаға баруға мәжбүр болған. Емханада толықтай тексеруден де өткен көрінеді. Тек үйіне жетіп, тексеру нәтижелері жазылған қағазға көз жүгірткенде есіне тана жаздаған.
Амбулаторлық орталық мамандары оның іші жүктілік мерзіміне сәйкес өсіп кеткенімен қоса, ішіндегі қозғалысты сезетіндігін де жазған.