Kryptowire қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар бірқатар танымал Android-смартфондарының бағдарламалық жасақтамасы мен қосымшаларында 47 осал тұсты анықтаған, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі Today.kz порталына сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, жүйедегі ақаулар құрылғының 25 үлгісінде анықталған.
Олардың бірқатары теріспиғылдылардың девайстарға root-қолжетімділік алуына мүмкіндік беретін ақауларға алып келеді. Ал ең қауіпті қателер хакерлерге қауіпсіздігі бұзылған телефоннан хабарламалар жолдауға, экран арқылы фото және видео түсіруге, телефон нөмірлерін көшіруге және кез келген бағдарламаларды байқатпай орнатуға мүмкіндік береді.
Мұндай ақаулар Vivo, SKY, Plum, Orbic, Oppo, MXQ, Leagoo, Doogee және Coolpad компанияларының арзан құрылғыларында анықталған. Сонымен қатар, сарапшылар LG G6, Sony Xperia L1, Nokia 6 және ASUS ZenFone 3 Max секілді танымал андроидтардан да қауіпті қателер тапқан.
«Нарықта ұялы телефондардың жүздеген үлгісі бар және бағдарламалық жасақтаманың мыңдаған нұсқасы кездеседі. Сондықтан, қолмен жасалған ешқандай тестілеу мен бағалаулар телефонда алдын ала орнатылған қосымшалар мен жасақтамалардағы олқылықты түзетуге анықтау бойынша проблеманы шеше алмайды», – деді Kryptowire бас директоры Ангелос Ставру.