Ұшақ бортында темекі тартқандарға жаза күшейтіледі

05.09.2018 19:00

Қазақстанда ұшақ бортында темекі тартқан адамдарға жазаны күшейту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықаралық тәжірибеде осындай заң бұзушылықтардың алдын алуға қатысты қадамдар әртүрлі. Осыдан 2-3 жыл бұрын заңнамаға түзетулерді қабылдаған кезде, аталған бұзушылықтарға жазалау шараларын қолдану күшейтілген еді. Сол кезде 15 тәулікке қамауға алу, 200 АЕК сомасында айыппұл ескерілген болатын. Бұл өз кезегінде, басқа да авиациялық биліктер қабылдап жатқан осы тектес шараларға сәйкес келетін жаза. Бүгінде әуе компанияларымен бірлесе жауапкершілікті күшейту мәселесін пысықтап, жазаны қатаңдату қадамдарын жалғастырмақпыз», – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі жалпы отырыс барысында «Халықаралық азаматтық авиацияға қатысты заңсыз актілерге қарсы күрес жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.  

Заң жобасы «Халықаралық азаматтық авиация ұйымы» (ИКАО) ассамблеясының 38-ші сессиясының шешімін жүзеге асыруға бағытталған. Ол барлық ИКАО-ға мүше мемлекеттерді осы Конвенцияға қол қоюға және ратификациялауға шақырады. Бұл жобаның мақсаты – азаматтық авиация саласында заңсыз әрекеттер жасаған тұлғаларға қылмыстық жауапкершілік тағайындау.