Алматыда кіші көлік айналма шекарасындағы Жамбыл, Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Гоголь, Мұратбаев және Шәріпов көшелеріне бір бағыттық көлік қозғалысы енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көлік қозғалысы Мақатаев көшесінің бойымен Қалдаяқов көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі батыс бағытта, Гоголь көшесінің бойымен Әуезов көшесінен Қалдаяқов көшесіне дейінгі шығыс бағытта жүргізілетін болады.
Бөгенбай батыр көшесінің бойында көлік қозғалысы Қалдаяқов көшесінен Масанчи көшесіне дейінгі шығыс бағытта жүреді.
Қарасай батыр көшесінің бойында батыс бағытта, Масанчи көшесінен Розыбакиев көшесіне дейінгі, Жамбыл көшесінің бойында Розыбакиев көшесінен Масанчи көшесіне дейінгі көлік қозғалысы шығыс бағытта жүргізіледі.
Мұратбаев көшесінің бойымен Райымбек даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі оңтүстік бағытта, Шәріпов көшесінің бойымен Абай даңғылынан Мақатаев көшесіне дейінгі қозғалыс солтүстік бағытта жүретін болады.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл өзгерістер көліктен келетін қауіпті 50% азайтуға, апатты жағдайларды қысқартуға, негізгі магистральды көшелерде көлік өткізу қабілетін арттыруға ықпал етеді.
«Гоголь, Мақатаев және Қабанбай батыр көшелері бойында қоғамдық көліктері үшін арнайы жолақ жасалады, бұл қаладағы көлік қозғалысының кедергісіз өтуіне көмектеседі. Қалада жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жылдамдықты төмендету ісі қолға алынды. Осыған сәйкес жоғарыда аталған учаскелерде жүру жылдамдығы 40 км/сағат болып бекітілді. Көлік қозғалысының жаңа сызбасы 5 тамызында енгізіледі»,-деп хабарлады әкімдік.
Еске салсақ, өткен жылы бір бағыттағы көлік қозғалысы Шевченко және Құрманғазы көшелеріне енгізілген еді.