Алматыдағы Үлкен айналма жолдың құрылыс-монтаж жұмыстары биыл мамыр айында басталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Оның айтуынша, тас жол 2021 жылы аяқталады. Сонымен қатар, елімізде республикалық маңызы бар 15 мың шақырым күре жолды ақылы ету көзделген.
Үкімет жиыны бүгін әдеттегідей баяндамадан басталған жоқ. Бақытжан Сағынтаев алдымен Елбасы жарлығымен жаңадан тағайындылған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаевпен таныстыруды құп көрді. Дархан Аманұлы осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты қызметін атқарды.
«Дархан Аманұлы Елбасының жарлығы бойынша Дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды. Дархан Амантайұлы сізді жаңа қызметіңізбен құттықтай отырып, жаңа жұмысыңызға сәттілік тілейміз», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Бұдан кейін баяндамасын бірінші бастаған Инвестициялар және даму министрі жаңа жобаларды жіпке тізді. Жеңіс Қасымбек республикалық маңызы бар жолдардың 15 мың шақырымы 3 жыл көлемінде ақылы болады деді. Жалпы құны 97,5 млдр теңгені құрайтын жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында іске аспақ. Сонымен қатар, министр Алматыдағы құрылысы тұралап тұрған Үлкен айналма тас жолын сөз етті. Магистральдың құрылыс-монтаж жұмыстары биыл мамыр айында басталып, 2021 жылы аяқталады.
«Биыл 7 ақпанда «Алсим Аларко - Макйол - СК - Кореян Экспресс Вэй» мен Қазақстанда автожол саласында бірінші ірі концессиялық жобаны іске асыру бойынша келісім- шартқа қол қойылды. Бүгінгі таңда консорциум байындық жұмыстарына кірісіп кетті. Биыл мамыр айында құрылыс жұмыстары басталады», - деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК.
Премьер-министр студенттерге жатақхана салу мәселесін тағы көтеріп, құрылыс «мемлекеттік-жекеменшік серіктестік» аясында іске асу керек екенін айтты. Бірақ жеке бизнеске салмақ түспеу қажет деді. Бұл мәселені Сағынтаев өзінің орынбасарларына тапсырды.
«Ерболат Асқарбекұлы негізгі проблемаларды бірлесе отыра қарап, шешім қабылдау қажет. Бердыбек Машбекұлы кешеде айтып өтті, бүгінде айтты біздің қабылданған шешімдердің тұрақты болуына, нормативтердің болмаса, белгіленген тарифтердің. Әрине, бұл дұрыс емес. Біз кәсіптерлерді шақырамыз. Жұмысқа тартамыз, артынан тарифтердің барлығын өзгертіп жатамыз. Яғни, оны бір жыл жұмысын бастамай жатып, ары қарай банкроттыққа итермелейді деген сөз», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Үкімет басшысын алаңдатқан кезекті мәселе, мектептердегі кең жолақты ғаламтор. Оның сөзінше, ешбір аймақ әлі толыққанды Wi-Fi желісіне қосылмаған.
«Қазақстан бойынша бірде-бір облыста 100 пайыз қамтамасыз етілмеген. Баяндамада көрсетілгендей. Алматы, Астана қалаларында да. Ақмола облысы -29 пайыз. Жамбыл облысы - 22 пайыз. Оңтүстік Қазақстан облысы - 38 пайыз. Қызылорда облысы- 40 пайыз. Ең жоғарғы көрсеткіш 82 пайыз - Атырау облысында. Жыл соңына дейін бұл шаруа шешімін табады деген ойдамын», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Осы тұста Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жаңа блокчейннің ұтымды тұстарымен бөлісті. Бас мұғалім бұл жүйе білім саласындағы ақпараттың қолжетімділігін арттырады деді. Оқуға түсу, бөлінген грант, кәсіби деңгейді көтеретін оқу курстары,балабақшаға тұрған тізімді бақылау сынды мәліметтердегі өзгерістерді әр адам қадағалап отыра алады екен.
Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов, «Алматы» телеарнасы Астанадан