Алматыдағы 24 көшеде үгітіліп кеткен бетон жол жиектастары толықтай ауыстырылмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 28 учаскеде жол жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жалпы биыл қалада ұзындығы 155 шақырым болатын 157 көше орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ 24 көшеде үгітіліп кеткен бетон жол жиектастары толықтай ауыстырылып, оның айналасы абаттандырылмақ. Өткен аптада мердігер мекемелер жолдарды жөндеудің жоспарын бекіткен. Енді әр нысанда компания директорының суреті, жұмысқа техникалық бақылау жасайтын және аяқталу мерзімін қадағлайтын ұйымның нөмірлері көрсетілген құжат орнатылады.

Биылғы жылы жөнделетін әр көше бойынша ақау актісі жасалады. Алынып қалған жол жиектастар, тротуарлар мен пандустар қайта қолданылады. Яғни, жөндеу жұмыстары қарастырылмаған көшелер үшін пайдаланылмақ. Ал бұқара барлық жолға қатысты ақпаратты «Open Almaty» қоғамдық порталынан алуына болады.

«Қазіргі кезде, мысалы, бізде 24 көшеде бетонды бордюрлар толығымен ауыстырылады. Солардың арасынан жарамдылығы таңдалынып алынып, техқадағалаумен акт жасалып, олар аудандық әкімдікке, Наурызбай ауданы мен Алатау ауданының әкімдіктеріне пайдалануға беріледі. Ағымдағы жөндеу жұмыстарында пайдаланады. Бұл бордюрларды», - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары  Сағындық ТЕЛІБАЕВ.

Ал мамандар жөндеуден өтетін көшелер тізімі жайлы ақпарат халыққа барынша қолжетімді болады дейді. Сондай-ақ алматылықтардан уақытша қолайсыздық тудырғандарына түсіністікпен қарауды өтінеді. Бірақ уақытша көлік қозғалысы тоқтатылатын көшелер бойынша  алдын ала ескертілмек.

«Мына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілу барысында тек қана жол жабындысы ғана ауыстырылып қоймай, сонымен қатар, жарамсыз жағдайда арық науалары, сонымен жаяу жүргіншілерге арналған жолдар толығымен жасалады. Сонымен қатар, көше аймағындағы абаттандыру жұмыстары толығымен жасалатын болады. Орташа жөндеу кезінде көшелерді жаппауға тырысамыз. Бірақ асфальт бетон жабындысын салу кезінде 1 күн, 2 күнге көше жабылатын болады», - деді  Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сағындық ТЕЛІБАЕВ.

Алматыдағы Гагарин, Жароков, Садыков, Яссауи, Байтұрсынов, Мақатаев көшелеріндегі жол жиектастары төзімді гранитке ауыстырылады. Өйткені, бұл материал тез үгілетін бетонға қарағанда өте төзімді келеді екен. Ал мына учаскеден бордюрдың әзірге тек 10 пайызы ғана жарамды болып шыққан. Оны мердігер мекеме жинап, сақтауға тапсырады.

«Біз 2 шақырым 80 метр шақырым болатын жолды жөндеуді алдық. Әл-Фараби көшесінен бастап, Асқаров көшесінен аяқталады. Осыған дейін бетоннан жасалған жиектас болған. Оны гранитке ауыстырып жатырмыз. Асфальт жабынын да ауыстырамыз. 26 наурыз күні бастадық, келісім-шарт бойынша 15 мамыр күні аяқтауымыз керек. 3 жылға беретін кепілдігіміз бар», - деді мердігер мекеме басшысының орынбасары Юрий ЧА.

Айта кетейік, қала басшысы халыққа қолайлы болу үшін жұмысты барынша сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Қазірдің өзінде мердігер мекемелер арнайы қоршауды алып, әр обьектіде жұмыс атқаратын құжат орнатып үлгерген. Нақты жұмыс кестесі бекітіліп, 157 көшенің 80 пайызы 25 тамызға дейін, қалған 20 пайызы қыркүйектің аяғына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.


Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров