Халықты баспанамен жаппай қамтуды көздейтін «7-20-25» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы бекітілді. Бүгін Ұлттық банк жанынан «Баспана» атты еншілес ұйым құрылды. Жаңа мекеме екінші деңгейлі банктермен келісімшарт жасап, қорға 1 трлн теңге жинайды. Бұл қаржыға «7-20-25» бағдарламасы арқылы үлестірілетін пәтерлер сатып алынбақ. Жаңа бағдарламаға қатысу үшін салымшылар баспана құнының 20 пайызын алғашқы жарна ретінде жинауы керек. Кейін, «Баспана» ұйымымен бірлесе жұмыс істейтін лицензиясы бар банктерге өтініш береді. Комиссия өтініш түсірген адамның жеке мәліметтерін тексеріп, барлық талапқа сай келсе, жаңа пәтерлерді 25 жылға 7 пайызбен жалға береді.
«Жаңа бағдарлама аясында Қазақстанның кез келген аймағынан жаңа тұрғын үй сатып алуға болады. Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларындағы баспана құны 25 млн. теңге төңірегінде болса, басқа өңірлер үшін 15 млн. теңге көлемінде белгіленеді. Бағдарламаға тұрақты табысы бар және басында баспанасы жоқ әрбір қазақстандық қатыса алады»,-деді «баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат АЛТЫНБЕКОВ.
Несиелерді беру шамамен екінші жартыжылдықтан басталмақ. Жаңа бағдарламаға қатысты барлық мәселелерді түсіндіру үшін, тіпті мобильді қосымша арқылы арнайы бөлім іске қосылған. Оған тек бір күннің ішінде қазақстандықтардан 700-ден астам қоңырау келіп түсіпті.
«7-20-25» бағдарламасының шарттарына қатысты халықтан көптеген сұрақтар келіп түсетінін ескеріп, бүгін біз Ұлттық банктің мобильді қосымшасына арнайы бөлімді іске қостық. Ол бөлім «7-20-25» деп аталады және оған барлық пайдаланушылар өздерін мазалаған сауалдарын жолдап, 24 сағат ішінде жауап ала алады,-деді ҚР Ұлттық банкінің сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Данияр СҮТЖАНОВ.
Айдана Мейрамбайқызы, Алматы телеарнасы.