Ұлттық валюта қайта күшеюі мүмкін – сарапшы

26.07.2018 16:52

25 шілде күні Алматыдағы ақша айырбастау пунктерінде доллар бағамы 346 теңге 90 тиыннан саудалана бастады. Одан бір күн бұрын ғана АҚШ долларының құны 344 теңге 95 тиыннан аспаған еді. Көк қағаз құнының бұлай бірден көтерілуіне қандай факторлар әсер етті? Ұлттық валютаның өз ұстанымын қайтаруға қауқары жете ме?  

«Негізгі әсер етіп отырған фактор – АҚШ-тың федералды резервтер жүйесінің базалық пайыздық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін көтергендігі болып табылады. Себебі, дәл осы қадаммен доллар басқа елдердің валютасына қарағанда, өзінің қуатын, күшін арттырып отырғандығы белгілі. Және бүкіл әлемдегі әсіресе дамушы елдердің валюталары осы долларға деген құнын біраз жоғалтты. Негізгі фактор осы», – деп жауап берді экономикалық сарапшы Мақсат ХАЛЫҚ.

Сарапшы сонымен қатар, қазіргі таңда теңгенің әлсірей түсуіне өткен аптадағы саяси фактордың да әсер етуі негізгі себеп болғанын атап өтті. АҚШ-тың президенті мен Ресей президентінің өзара келісімі нәтижесінде, АҚШ президенті Ресейге жасалатын санкциялардың әлі де алдағы уақытта бола беретінін айтқан еді. Ал бұл белгілі бір дәрежеде рубльге деген өктемдіктің күшейетінін көрсетті. Рубль құнсызданғандықтан, тиісінше теңге де құнсыздана түспек.

Ал алдағы уақытта теңгенің жағдайы қалай болуы мүмкін деген сұраққа сарапшы «ай соңына қарай күшеюі мүмкін» деп болжам айтты.

«Қазіргі таңда салықтың кезеңі өтіп жатыр. Көптеген компаниялар өзінің доллар түріндегі қаржысын теңгеге алмастырып, мемлекет алдындағы салықтарын өтеп жатыр. Бұл белгілі дәрежеде теңгеге деген сұранысты арттырып, теңгеміздің артуына септігін тигізуі керек», – деді М. ХАЛЫҚ.

Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы