Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары жайлы ақпарат порталы іске қосылды

05.05.2018 15:15

Ішкі істер министрлігі  «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары» деп аталатын жаңа онлайн порталды таныстырды. Ғаламтордағы жүйеде соғыс кезінде тұтқынға түскендер туралы ақпарат жинастырылған. Жоба Ұлы Жеңіс күніне орай қолға алынып отыр.

Деректерге көз салсақ, 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында 60 мың жерлесіміз тұтқынға түскен. Солардың арасында әскери қызметтегі сержант Гүлім Айдарбекованың нағашы атасы да бар. Бұрынғы Карл Маркс колхозы, қазіргі Алматы облысы, Арқалы ауылының тумасы 20-ға жетпей шайқас алаңына аттанған екен. Одан кейін жас жауынгерден еш хабар болмаған.

«Ұлы Отан соғысына алып кеткен екен. Ешқандай хабарсыз. Қайтыс болғандығы, қай жерге жерленгендігі, сүйегінің қай жерде жатқандығы жайында бейхабар. Туыстарымыз, бәріміз іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Бірақ ешқандай нәтиже бермеді», - деді «Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығы бөлімінің аға маманы, сержант Гүлім АЙДАРБЕКОВА.

Гүлімдей арада Ұлы жеңіс күнінен 73 жыл өтсе де, майданға аттанған жақындарын іздегендер әлі де жетеді. Олардың көздегені - шайқаста шәйіт болған туыстарының сүйегін тауып, тиісті түрде арулап, жер қойнауына тапсыру. Сондықтан Ішкі істер минстрлігі 60 мың тұтқынға түскен отандастарымыз жайлы ақпарат порталын іске қосты. Бір жүйеге топтастырылған мәліметтерді ведомство сайтындағы  «Ұлы Отан Соғысының әскери тұтқындары» деген бөлімнен табуға болады.

«Осы күнге дейін біздің кейбір жанұялар өздерінің әкелерін, аталарын, басқа туған-туыстарын соғысқа кеткен, хабарсыз кеткендерден ешқандай мәлімет жоқ. Әлі үміпен күтуде, әлі дерек іздеуде. Сондықтан осы тұсаукесерді өткізіп жатырмыз», - деді Ішкі істер органдары мен ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық кеңесінің төрағасы Өмірзақ БОЛСАМБЕКОВ.

Сайтқа кірушілер аталмыш сервистен іздеген жанның аты-жөнін, ұлтын, әскери бөлімінің атауы мен тұтқынға түсу уақыты және мұрағаттық іс нөмірін таба алады. Мамандар талай жылдар бойы құпия болып келген бұл құжаттар электрондық түрде көпке ыңғайлы болады дейді.