Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінде алғаш рет күрделі ота түрі жасалды

Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінде алғаш рет күрделі ота түрі жасалды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінде алғаш рет күрделі ота түрі жасалды. Асқазан-ішек жолдарының ағзаларына жасалған лапароскопиялық операция жоғары технологиялық тәсілмен орындалды. Отаны Жапония елінің мамандары мен еліміздің дәрігерлері бірігіп істеді. Бұл екі ел арасындағы медициналық қатынасты нығайта түсіп, мамандардың іс жүзінде тәжірибе алмасуына мүмкіндік бермек.

Асқазан-ішек ауруларына және бүйрек обырына лапароскопиялық операция жасау арқылы еліміздің мамандары жоғары технологиялық әдісті елімізде түбегейлі енгізіп, операцияны орындау сапасын көтермек. Отаны Жапониядан арнайы шақыртылған дәрігер Кен Танигучи онкологиялық диспансердің мамандарымен бірлесе жасады.

«Лапароскопиялық оталар Қазақстанда енгізілген, бірақ онкологиялық жағынан, тоқ ішек, тік ішек, асқазанға әлі жасалып жатқан жоқ. Сондықтан қазір жас мамандарды үйретіп, біздің азаматтарымыз тез емделеді бір жағынан, екінші жағынан науқасқа ешқандай қиындық көрсетпейді, жеңілдік», - деді Алматы аймақтық онкологиялық диспансерінің директоры Саяхат ОЛЖАЕВ.

Ота жасау кезінде бейнекамераның көмегімен дәрігер ағзаны бүге-шүгесіне дейін көріп отырады. Науқасқа тек 5 мм-ге дейін тілік салынады. Мұндай сапалы отадан кейін науқас тез арада қалыпқа келеді.  

«Бұл лапароскопиялық операцияның артықшылығы - науқасқа үлкен тілік салынбайды, ол толық ем қабылдайды. Ал ота жасалғаннан кейін науқас қысқа мерзімде қайта қалпына келеді. Осылайша, Қазақстан мен Жапония дәрігерлері өзара тәжірибе алмасып, екі ел арасындағы медицина саласындағы қарым-қатынас нығая түседі», - деді Нагасаки ұлттық медициналық орталығы хирургия бөлімінің меңгерушісі Кен ТАНИГУЧИ (Жапония).

Асқазан-ішек ауруларына және бүйрек обырына лапароскопиялық операция жасау - науқастың стационарда жату мерзімін қысқартады. Бүгінде Алматы аймақтық онкологиялық диспансері мен Нагасаки ұлттық медициналық орталығы арасында жас мамандардың өзара тәжірибе алмасуы үшін меморандумға қол қойылған.

Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров