Алматыда із-түссіз жоғалған белгілі продюсер Анна Чакиртованы іздестіріп жатыр

05.07.2018 02:44

Алматыда  "Томирис" фильмінің продюсері, белгілі киногер Анна Чакиртова 3 күннен бері іздестіріліп жатыр. Ол осы дүйсенбіде кешкісін үйінен шығып, содан қайтып оралмапты. Ал телефоны мен құжаттарын пәтерде қалдырып кеткен. Қазір жоғалған келіншектің суреті әлеуметтік желілерге жарияланды. Кино продюсерді тез арада табуға полицейлермен қатар еріктілер, сондай-ақ кино алаңындағы әріптестеріде ат салысып жатыр.

Отандық киногерлер арасындағы белгілі продюсер Анна Чакиртова із-түссіз жоғалып кетеді деген ой, ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Оның 3 күннен бері хабар-ошарсыз жүргеніне әсіресе әріптестері мен жақындары сене алар емес. Анна дүйсенбі күні кешкі сағат 9-дарда үйінен шығып, содан қайтып оралмапты. Тіпті, көрші-қолаңнан да келіншектің қай бағытта кеткенін байқаған бір жан жоқ. Тек, сол күні үй маңындағы дәріханаға барғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған екен.

«Жұмыстан қайтып келе жатып, кешкі сегіздерде дәріханаға соққан. Кейін үйге кіріп баламды дүкенге жұмсап, өзі де бірге сыртқа шыққан. Ал сағат 10-дарда мен жұмыстан келдім. Үйде ешкім жоқ екен. Балаларым да көрінбеді. Әрқайсы өз жұмыстарымен жүрген болар дедім де, мән бермей ұйықтап қалдым. Таңертең оянсам Анна жоқ екен. Жұмысына кеткен болар деп ойладым. Ал түсте қызым хабарласып Аннаның жұмысқа келмегенін айтты»,-деді А.Чакиртованың күйеуі Мұрат НҰҒМАНОВ.

«Ол бұрын ешқашан осылай ескертпей кетпеген еді. Жауапкершілігі зор адам. Бізге әр қадамын айтып жүретін. Қазір «Томирис» фильмінің продюсері болып жүр. Өте үлкен жоба, сондықтан Аннаның әр сағаты, тіпті минутына дейін есептеулі, жоспарлаулы болатын»,-деді А. Чакиртованың күйеуі Жанна ДЕМИХОВА.

Жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын 42 жастағы продюсер сол күні тіпті көлік жүргізушісіне де таңғы 9-да үйден алып кетуін ескертіпті. Ол "Томирис" фильмі түсіріліп жатқан Қапшағай маңындағы алаңға баруы тиіс болған. Ал Аннамен 22 жылдан бері отасқан күйеуі үйде еш кикілжің, ұрыс-керіс болмағанын айтады. Сондықтан кімнен күмәнданарын да білмейді. Дәм-тұзы жарасқан отбасының 2 баласы бар.

«Анамнан соңғы хатты сол күні шамамен 9 жарымдарда алдым. Ол мені жақсы көретінін жазыпты. Таң қалдым. Әдетте анам қысқа әрі нақты тек жұмыс барысымен ғана жазатын»,-деді А.Чакиртованың қызы Камила НҰҒМАНОВА

Дүйсенбіден бері хабар ошарсыз кеткен Аннаны іздеуге түсірілім алаңындағы әріптестері, еріктілер мен жақын туыстары жұмылдырылған. Олар көрші қолаңға сұрау салып, жақын маңдағы үйлерді аралап көрген. Әрі көше бойын жағалай продюсердің суреті бар ақпарат қағаз іліп шыққан. Бірақ  нәтиже шықпағасын, құзырлы органға хабар берген.

«Арнайы тергеу тобы құрылып, іздестіру ісі жандандырылды. Қазіргі таңда бұл тергеу тобының құрамына криминалдық полиция басқармасының да қызметкерлері кірген болатын. Бастапқыда барлық болжамдар есепке алынып отыр, ол қандай себептермен, неліктен жоғалуы мүмкін деген сұрақтарға жауап іздеудеміз. Азаматша Чакиртованың соңғы араласқан азаматтарды да жіті тексеруге алдық»,-деді Алматы қаласы ІІД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Айта кетсек, кино саласының маманы, сценарист Анна Чакиртова бірнеше фильмге продюсерлік еткен. Оның ішінде "Жаужүрек мың бала", "Анаға апарар жол", "Рэкетир", "Қарашаңырақ" сияқты танымал фильмдер бар. Қазір ол Ақан Сатаев түсіріп жатқан «Томирис» фильмімен жұмыс жасап жатқан еді.

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы